Қайтарымсыз грант нәтиже беруде
Жамбыл облысы Жамбыл ауданында биыл 110 азамат қайтарымсыз грантқа ие болды. «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант» арқылы ауылда аймақта жаңа кәсіпкерлік нысандар ашылды. Солардың кейбіреуімен BAQ.KZ тілшісі жүздесіп қайтты.
Бүгінде мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, кәсіп ашып, оның шарапатын көріп отырған жандар өте көп. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде гранттар жаңа-бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде есептелген. Гранттар атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар сияқты халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын адамдарға беріледі.
Дәл осы мүмкіндікке Жамбыл облысы Жамбыл ауданында биыл 110 азамат ие болды. «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант» арқылы ауылда аймақта жаңа кәсіпкерлік нысандар ашылды. Олардың қатарында ісін кеңейткен Аса ауылының тұрғыны Жомарт Бейсенов. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында өз жобасын ұсынып, тамыз айында оны қорғап, көпбалалы әке «Мансап орталығы» арқылы қаражатты қолына алды. Мемлекеттік бұл шарапатын үлкен мүмкіндік ретінпайдаланып, жиһаз цехына ең қажетті техникаларды әкелді. Шағын кәсіпорында үйге қажетті барлық ағаштан жасалатын жиһаздар шығарылады. Ауылдың ішінде-ақ кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтың жобаға айтар алғысы зор.
Маған бұл іс таңсық жұмыс емес. Соңғы 15 жыл бойы үздіксіз айналысып жүрген ісім. Кішігірім тапсырыстар қабылдаймын. Бірақ, ең қажетті кесу құралдарының жоқтығынан әр бұйымды кесу үшін қалаға баратынмын. Аса мен Тараз ортасындағы жолды жалғап, көп табыс таптым деп те айта алмаймын. Сол шығындарды есептей келе, тапсырыстарды да көп алмайтынмын. Бірақ қолымнан келетін болған соң, ойымда бастаған істі аяғына дейін жеткізу тұрды. Амал жоқтан, бірде бар, бірде жоқтан жиһаз жасай алмай жүргенімді көрген жақын танысым осы бағдарламаны маған жеткізді. Естіп тұратынмын, алайда өзім мемлекеттен осы уақытқа дейін қолдау көрмегендіктен іштей күмән болды. Құжаттарымды тапсырып, мамандар кеңестерін берді. Аудан орталығында мұндай орталықтар болмағандықтан жобам бірден қолдау тапты. Қатты қуандым десем де болады. Бірден қолбайлау болған құрылғыларды алуды көздедім. Осылайша, ойламаған жерден менің тұралап қалған ісім алға басты, - дейді Жомарт Бейсенов.
Кәсіпкер айналасы төрт айдың ішінде кемшіліктің орнын толтырып, тапсырыстарды тоқтаусыз қабылдады. Ендігі кезекте қасына көмекші қажет болғандықтан, қолынан іс келетін ауыл азаматын кәсіпке баулып, тұрақты жұмысқа қабылдады. Екі білікті маман күні бойы шағын сарайдың ішінде ас үй, жатын бөлме, балалар бөлмесі, тіптен орындық, жалпы үйге қажетті жиһаздың барлығын жасайды. Басымдықты сапа мен қалта көтеретіндей қолжетімділікке бұрды. Нәтижесінде ауылдағы жаңа бизнес тез танылып, қажеттісін алыстан емес, жақыннан жасатуға нитетті тұрғындар саны артты.
Біз тапсырыс бойынша да жиһаздың кез келген түрін дайындаймыз. Әлеуметтік желі арқылы да жұмыс істейміз. Қазір сатылым жағынан алдыңғы қатардамыз. Жасаған жиһаздарымыз нарық құнынан 20-30 пайызға арзан. Тұтынушылар тарапынан жиһазға тапсырыс алған соң, оған қажетті құралдарды, жиһазға қажетті ұсақ-түйектердің бәрінің тұтынушылар сұранысымен таңдаймыз. Үстел, шағын шкаф пен үй бұйымдарын сапасына қарай бағалаймыз. Қазір халықтың заманауи үлгідегі үй жиһаздарына сұранысы жоғары. Сондықтан адамдар ескіше базардан барып, жиһаз алмайды. Қайта жеке цехтарға келіп, өз ойларын айтып, ерекше етіп жасауға тырысады. Сұраныс болып жатса, мемлекеттің өзі еңбек ет деп, қолдау көрсетіп отырса, біз неге осылай жасамасқа? Жоба расымен де мен секілді азаматтарға мол мүмкіндік. Қолдау тауып, жұмысым алға басқаны отбасыма да табыс кіріп, маған алға талпынуға жігер берді десем де болады. Ендігі мақсатым осы істі аяқтан нық тұрғызып, оны тек дамыту. Ауылдан да мықты мамандар, мықты жиһаз жасайтын цех шығатынын дәлелдегім келеді, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің бүгінгі жастарға айтары да көп. Ең бірінші кез келген адам өз сүйікті ісімен, жан қалауымен айналысқан маңызды дейді. Оның ойынша, табысқа жетудің бірден-бір жолы – сүйікті кәсіп. Одан соң істі аяғына дейін жеткізуге деген талпыныс пен қажыр-қайрат та қажет дегенді баса айтты. Өйткені, 15 жыл осы іспен айналысып, талай қиындық көргенін де жасырмады.
Мен осы жылы ғана станоктарды түгелдеп, ауқымды кеңейттім. Осы уақытқа дейін, бір тапсырыс алу үшін бірнеше жерге баратынмын. Бірінші – ағаш әкелу, оны кестіру. Күннің ыстығы-суығы. Тапсырыс алған соң мойныңда тек жауапкершілік пен адамдардың сенімі тұрады. Бір қателессеңіз, ол адам енді сізге келмейді. Әрине, осыдан 5-6 жыл бұрын, жиһазды қолдан, қазіргідей үйден сапалы жасап шығару деген сенім болмады. Ал қазір көпшілік халық тапсырысқа үйренді. Тұтынушылармен келісімде өз идеямды айтамын. Қанша дегенмен, мен маманмын ғой. Ондағы мақсат – сапалы әрі көздің жауын алар дүние ұсыну. Сұраныс осылай көбейеді. Жақсы дүние жасасаң, бір адам артынан он адам тартады деп, өзім де әзілдеп қоямын. Қазір әлеуметтік желінің дамыған тұсы – қашықтықта отырып-ақ ойыңдағыны жүзеге асырсаң болады, - деп сырымен бөлісті кәсіпкер Жомарт.
Міне, осылайша бұл бастама ауыл азаматтарына өте қолайлы болып отыр. Өйткені, қайтарымсыз грант нәтижесінде ауылда бұрын болмаған бизнес нысандары ашылуда. Өз кезегінде тұрғындар да бұрынғыша қажеттілігі үшін қалаға сандалмайды. Барлығын жақыннан алуға да мүмкіндік туды. Айта кетейік, биылғы жылдың өзінде жүзден астам тұрғын дәл осылай мемлекеттік қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді. Олардың басым бөлігі наубайхана, көлік жөндеу орталығы, терезе шығару цехы, ким тігу шеберханаларын ашты. Жоғарыда аталған нысандардың барлығы халыққа ең қажеттісі болып отыр. Оның үстіне қазір қайтарымсыз грант ұсынушылар өздерінің тұрып жатқан мекендерінде жоқ жобаны ұсыну міндеттелген. Сондықтан Жомарт Бейсенов азаматтарға оның ішінде жастарға тәуекел бел байлап, кәсіп бастауға шақырады.
Бәрі бірден болып кетеді деп айта алмаймын. Кәсіпте қиындық өте көп. Бірақ бәрі уақытша. Қиындық мені де шыңдады, дамытты. Сол себепті екі қолға бір күрек жоқ деуге негіз жоқ. Қазір жұмыс көп. Егер мемлекеттік мекемеде жұмыс жасауға ниет болмаса, кәсіпке бейімделуге де қолдау көп. «Мансап орталығы» арқылы таңдауыңыз бойынша мамандық меңгересіз, оны кәсіп етем десеңіз де сізге көмек көрсетіледі. Өз басым осы мүмкіндікке үлен алғыс айтқым келеді, - дейді кәсіп иесі.