Қайтарымсыз грант: көпбалалы кәсіпкер
Мемлекет шағын кәсіп бастаушыларға түрлі көлемде көмек беріп, қолдау көрсетуде. Әсіресе, қаржылық жағынан қайтарымсыз грант өз тиімділігін беруде. Шалғай ауылда сан түрлі кәсіптің көзін тауып, тіпті бірлі-жарым жұмыс орнын ашып, тірлігін тіктеген азаматтар қатары күн санап артуда. Соның бірі – ауылда жұмыс жоқ деп жатпай, үнемі ізденіс үстінде жүрген көпбалалы ана Жансая Тұрғынбек. BAQ.KZ тілшісі шағын ауылдағы кәсіпкердің тірлігімен танысты.
Көпбалалы ана Жансая Тұрғынбек осы жылдың тамыз айында «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант» жобасына қатысты. Жоба бойынша көрсетілген шарттарды орындап, нәтижесінде нан өнімдерін шығаратын шағын цех ашты. Кәсіпкердің шағын цехы бүгінде бір үйдің табыс көзіне айналған әрі әрбір отбасы мүшесін таза еңбекке баулитын сала.
Қазіргі таңда күніне 70-тен аса нан пісіріп, ауыл-аймақтардағы дүкендерге таратамын. Әрине, кәсіп болған соң түрлі жағдайлар болады, бірде артық, бірде кем күндер болып қалады. Күнделікті кіріс-шығыс, табыс көзін есептеп отырамын. Келешекке жоспар көп. Барлығы тәжірибе арқылы пайда боады ғой. Ең басында қорқасоқтап бастаған жұмыс еді. Бірте-бірте жан-жақтағы көрші-көлем, ауылдастар нанның сапасына, дәміне риза болған соң тұрақты алуылар пайда болды. Шүкір, енді ары қарай дамытамын, - дейді көпбалалы кәсіпкер Жансая Тұрғынбек.
Ауыл тұрғындарын ас атасы – нанмен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкердің алдағы уақытқа жоспарлаған мақсаттары жетерлік. Қазірдің өзінде таза, дәмді пісірілген өнімдері Шоқай және Бірлесу-Еңбек ауылдарындағы дүкендерде сатылымда. Кәсіпкердің ендігі межесі – шағын хехты кеңейтіп, тапсырыстар көлемін ұлғайту және сәйкесінше сауда нүктелерін көбейту.
«Әрбір істің қайыры бар» деген кәсіп иесі ізгілік жолында да сауапты іс жасауға құмар. Әр жұма сайын тегін нан таратып, қолынан келгенше қоғамға пайдалы болуды көздейді.