Қайтарымсыз грант кімдерге және қандай бизнес-идеялар үшін беріледі
Жыл басынан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 9 102 грант, оның ішінде ауыл тұрғындарына 6 011 грант берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылы жалпы 9000 грант беру жоспарланған болатын.
2023 жылы мал шаруашылығына – 2 907, өсімдік шаруашылығына – 148, мүкәммал, еңбек құралдарын сатып алуға – 2 221, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 3 661, орын жайды жалға алуға – 165 қайтарымсыз гранттар берілді.
Алушылардың санаттары бөлінісінде көпбалалы отбасылардың мүшелеріне – 4 963, мүгедектігі бар адамдарға – 1 827, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға – 1 118, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға – 562, асыраушысынан айырылу бойынша төлем алушыларға – 421, қоныс аударушыларға – 181 және қандастарға – 30 грант берілді.
Биыл гранттар алуға өтініштерді қабылдау 3 лек бойынша өткізілді. Үміткерлерден барлығы 66 мыңнан астам өтініш, оның ішінде көпбалалы отбасылардан – 39,9 мың, мүгедектігі бар адамдардан – 11,7 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан – 8 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 3,5 мың өтініш қабылданды. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған адамдар қатарынан 2,6 мың адам, 702 қоныс аударушы және 217 қандас өтініш берді, - делінген хабарламада.
Өтінімдердің ең көп саны Түркістан облысының (14,9 мың), Шымкент қаласының (7,8 мың), Жамбыл (7,6 мың), Қызылорда (7,5 мың) облыстарының және ең аз саны Ұлытау (136) және Қостанай (159) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті.
Естеріңізге сала кетейік, гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.
Бұл ретте, комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.
Комиссияның шешімі туралы ақпарат үміткердің Business.enbek.kz порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер салық органдарында өз қызметін тіркейді, банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын бөлінген қаражаттың пайдаланылуы туралы есептерді ұсынады. Мұның бәрі еңбек мобильділігі орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.
Келесі жылы да халықтың әлеуметтік осал топтарына 9 мың грант беру көзделген.