Қайтарылған активтер: Жетісу облысында 22 әлеуметтік нысан салынып жатыр
Қайтарылған активтерге әлеуметтік нысандар салу Жетісу халқының тұрмыс жағдайын жақсартады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысы прокуратурасының мәліметіне сәйкес, облыста прокуратура органдарының жұмысымен мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 22 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде (мектептер, сумен жабдықтау және денсаулық сақтау нысандары).
Прокурорлар Қаратал ауданындағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыстың сапасы мен қарқынына назар аударды. Қанағаттанғанын жасырмаған жергілікті тұрғындармен сөйлесті.
Қаратал ауданы Дойыншы ауылында медициналық пункт салынуда. Нысан жергілікті тұрғындарға ауылдан 180 шақырымнан астам жерде орналасқан аудан орталығына бармай-ақ медициналық көмек көрсетеді, - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Осы аудандағы Ұмтыл ауылында халықты сапалы сумен қамтамасыз ететін ауызсумен қамту жүйесінің құрылысы жүріп жатыр.
Құрылыс барысы және қаражаттың жұмсалуы прокурорлардың бақылауында.