20 Тамыз 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қайтарылған активтер Қарағанды облысында қайда жұмсалып жатыр?

Бүгінде Қазақстанға жалпы құны 1 трлн 154 млрд теңгенің активтері қайтарылған. Оның 1 трлн 44 млрд теңгесі – ақшалай қаражат, тағы 110 млрд теңгесі – мүлік пен өзге активтер.

Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгінде елге жалпы құны 1 трлн 154 млрд теңгенің активтері қайтарылған. Оның 1 трлн 44 млрд теңгесі – ақшалай қаражат, тағы 110 млрд теңгесі – мүлік пен өзге активтер.

Қайтарылған қаражат Арнаулы мемлекеттік қор арқылы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталып отыр. BAQ.KZ тілшісі Қарағанды облысында осы қаражат есебінен жүзеге асырылған және қаржыландырылған бірқатар жобаның деректерін зерделеді.

Балқаш әуежайына 945,7 млн теңге бөлінген

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған ірі нысандардың бірі – Балқаш әуежайы. Оны реконструкциялауға Арнаулы мемлекеттік қордан 945 млн 742 мың теңге бөлінген.

Әуежайды кешенді жаңғырту бірнеше кезеңмен жүргізілді. 2024 жылдың соңында №2 рульдеу жолы мен перрон реконструкцияланды. 2025 жылы арнайы көлік қызметіне арналған ғимараттың құрылысы аяқталды. Сондай-ақ әуе кемелеріне жерүсті қызметін көрсету үшін 10 арнайы техника сатып алынған.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

2026 жылғы 1 маусымда әуежай терминалын реконструкциялау аяқталды. Жөндеу кезінде ғимараттың тарихи сәулеттік келбеті сақталып, ішкі инфрақұрылымы толық жаңартылған.

Екі жаңа жапсаржайдың салынуы нәтижесінде терминалдың жалпы ауданы 1 800 шаршы метрден 2 700 шаршы метрге дейін ұлғайған. Жолаушыларды тексеруге арналған жабдықтар орнатылып, келу залы багаж таспасы және электронды ақпараттық таблолармен жабдықталған.

Әуежайда ана мен бала бөлмелері, медициналық кабинет пен қоғамдық тамақтану орны қарастырылған. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін электр көтергіш, тактильді бағыттағыштар және бейімделген санитарлық бөлмелер орнатылған.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Жаңғыртудан кейін әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 60 жолаушыдан 80 жолаушыға дейін артқан.

1 маусымнан бастап Балқаштан Астана мен Алматыға тұрақты әуе рейстері орындала бастады. Ұсынылған мәліметке сәйкес, Астана – Балқаш – Астана және Алматы – Балқаш – Алматы бағыттарының әрқайсысы аптасына бес рет орындалады.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Балалар оңалту орталығына қайтарылған активтерден 290,1 млн теңге жұмсалған

Балқаштағы тағы бір жоба – Шипагер тұйық көшесі, 5 мекенжайында орналасқан балалар оңалту орталығы.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 1 688,2 шаршы метр. Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін 15 орындық стационар және амбулаториялық қабылдау қарастырылған.

Орталық Балқаш пен Приозерск қалаларында, сондай-ақ Ақтоғай және Шет аудандарында тұратын 18 жасқа дейінгі балаларға оңалту қызметін көрсетуге арналған.

Ғимаратты күрделі жөндеуге жұмсалған жалпы қаражат 792,4 млн теңгені құрайды. Ұсынылған соңғы мәлімет бойынша, оның 290,1 млн теңгесі Арнаулы мемлекеттік қордан, яғни қайтарылған активтер есебінен бөлінген. Бұдан бөлек, жобаға облыстық бюджет пен демеушілік қаражат тартылған.

Орталықты жабдықтауға да жеке қаржы қарастырылған. Қорлар есебінен 258 бірлік оңалту жабдығы, жиһаз, оргтехника және бағдарламалық қамтамасыз ету жеткізілген. Олардың жалпы құны шамамен 162,4 млн теңге.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Орталықта дәрігер-реабилитолог, педиатр, невролог, травматолог, эрготерапевт, логопед, психолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы және дефектолог секілді мамандардан тұратын мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді.

Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.

Су құбыры жобаларына 5,2 млрд теңге бағытталған

Қайтарылған активтер Қарағанды облысындағы сумен жабдықтау инфрақұрылымына да жұмсалған.

2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд 186,6 млн теңге бөлініп, тоғыз сумен жабдықтау жобасы іске асырылған.

Олардың қатарында Ақтерек, Колхозное, Садовое ауылдары, Көктенкөл станциясы мен Әлихан ауылы, Жаңа Тихоновка және Ескі Тихоновка кенттеріндегі су құбыры желілерінің құрылысы бар.

Сондай-ақ Теміртаудағы Соцгород, Ескі қала және Оң жағалау аудандарында су құбыры желілерін салуға, Терешкова көшесі маңындағы №22 су құбырын жүргізуге қаражат бағытталған.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, тоғыз жобаның барлығы аяқталған.

51 денсаулық сақтау нысаны аяқталған

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

2025 жылы Қарағанды облысындағы 51 денсаулық сақтау нысанын аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 6 млрд 936,3 млн теңге қарастырылған.

Қазіргі уақытта бұл нысандардың барлығы аяқталып, пайдаланушы ұйымдардың балансына берілген.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Одан бөлек, Қарағанды қаласындағы онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогының құрылысын аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 6 млрд 214 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Ұсынылған мәлімет бойынша, нысанның дайындығы – 85 пайыз. Оны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Осылайша, Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен әуежай, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау инфрақұрылымына қаржы бағытталған. Сонымен бірге ұсынылған анықтамалардағы барлық нысан қайтарылған активтер есебінен салынған жоқ. Мәселен, Балқаштағы №12 мектеп Ұлттық қор қаражаты есебінен жүзеге асырылған жоба болса, Premium Villa Balkhash және «Monaco» демалыс аймағы – инвестициялық жобалар. Сондықтан оларды қайтарылған активтердің нәтижесі ретінде көрсетуге негіз жоқ.