25 Шілде 2026, 16:17 Фото: видеодан скриншот

Қайтарылған активтер есебінен Жетісу облысында 29 әлеуметтік нысан бой көтерді

Облыс прокуроры Рудничный кентіндегі жаңа мектептің құрылысын барып көріп, жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.

Жетісу облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан Рудничный кентіндегі жаңа мектептің құрылыс алаңына барып, құрылыстың сапасы мен жұмыс барысын өз көзімен көрді.

Жұмыс сапары барысында облыс прокуроры нысанның құрылыс жоспарымен танысып, аумақты аралады, құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын бағалады. Сондай-ақ мердігер ұйым өкілдерінің жобаның қазіргі кезеңі туралы есебін тыңдады. Жаңа мектептің салынуы балалардың заманауи әрі қауіпсіз жағдайда білім алуына мүмкіндік беріп, кент тұрғындарын сапалы білім беру инфрақұрылымымен қамтамасыз етеді.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін оқушылар қолданыстағы талаптарға толық сәйкес келетін жаңа, заманауи ғимаратта білім алады.

Облыс прокуроры құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, барлық жұмысты сапалы орындаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, прокурорлар мемлекетке қайтарған активтер есебінен осындай әлеуметтік нысандардың салынуы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосады.

Сапар қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, мектепті уақытылы пайдалануға беру тапсырылды.

Сонымен қатар облыс прокуроры құрылыс жұмыстарына кедергі келтіретін кез келген мәселе туралы дер кезінде хабарлап отыру қажеттігін айтты. Мұндай түйткілдерді жедел шешу үшін заңда көзделген барлық шара қолданылатынын жеткізді.

Жетісу облысында мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен жалпы құны 41,9 млрд теңгені құрайтын 29 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып, қайта жаңғыртылып жатыр.

Олардың қатарында 21 денсаулық сақтау нысаны (фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер және қайта жаңғыртылған денсаулық сақтау нысандары), 4 сумен жабдықтау нысаны және 4 білім беру нысаны (мектептер) бар.

Қазіргі уақытта 20 нысанның құрылысы аяқталған, ал қалған 9 нысанда жұмыстар жалғасып жатыр.

Облыс прокуратурасы аталған жобалардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Бұл ретте құрылыс мерзімінің сақталуына, орындалатын жұмыстардың сапасына және нысандарды уақытылы пайдалануға беруге ерекше көңіл бөлінуде. Себебі мұндай әлеуметтік жобалардың жүзеге асуы өңірдің дамуына және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді.