Қайтарылған активтер: Ақтөбенің шалғай ауылында медпункт салынып жатыр

Биыл Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен 11 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған 11 нысанның бірі былтыр халқы түгел суға кеткен Ырғыз ауданындағы Нұра ауылында салынуда. Ауыл тұрғыны Б.Байбахтинаның айтуынша, жаңадан бой тіктеген ауылға медпункт керек-ақ. Себебі қазір тұрғындарға медициналық көмек көрсететін мекеме жоқ. 

Былтыр баспанамыз түгел суға кетіп, далада қалдық. Күзде Сарыоба деген жерден бізге жаңа үйлер салып берді. Ауыл тұрғындарына Нұрадан — 63, Ырғыз ауылынан 51 үй салған болатын. Қазір сол жаңа үйде тұрып жатырмыз. Ауылымызда биыл мектеп-балабақша салынды, енді балаларға ойын алаңы, мәдениет үйі мен медпункт керек. Қазір медпункттің құрылысы жүріп жатыр. Биыл жыл аяғына дейін қолданысқа берілсе, жақсы болар еді. Әйтпесе ауырсақ аудан орталығына барып жүрміз, - дейді ол. 

Нұра ауылының әкімі Ақнар Омаровтың айтуынша, мұнда 691 адам тұрады. Бүгінде медпункттің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алдағы уақытта медпункт күніне 40 адамды қабылдайды. Биыл қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Мердігер ұйым — "Кварц-Спецсервис" ЖШС. Жоба құны — 327 млн теңге. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серік Тажгуловтың айтуынша, Ақтөбе өңірінде қайтарылған активтер есебінен 11 медициналық нысан салынуда. Олардың дені биыл пайдалануға берілмек. Жобалардың жалпы құны — 1,3 млрд теңге.

Аталған 11 нысан Мұғалжар ауданындағы Мұғалжар станциясында, Қайынды, Жарық ауылдарында, Алға ауданының Маржанбұлақ, Шалқар ауданының Сарысай, Тоғыз, Шоқысу, Қобда ауданының Бегалы, Ырғыз ауданының Нұра, Жарма, Байғанин ауданының Ноғайты елді мекендерінде салынуда, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Нұра ауылдық округі әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы