21 Шілде 2025 2025, 16:01 Фото: - архив

"Қайта оралған Үміт", "Аллигатор": Медиа саласындағы жетістіктер жарияланды

Министрлік 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында медиа саласындағы басты жетістіктерді жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған ақпараттық саясаттың негізгі қорытындыларын жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Есепке сәйкес, БАҚ-ты тіркеу, құқыққа қайшы контентпен күрес, телеөндіріс пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту салаларында бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізілген.

БАҚ реестрі жаңартылды

Бүгінде елімізде 4 871 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген:
– 3 002 мерзімді басылым (газет, журнал),
– 236 телеарна,
– 98 радио,
– 1 231 онлайн-басылым мен ақпарат агенттігі.
2025 жылдың алғашқы жартысында 140 БАҚ қызметін тоқтатып, тіркеуден шығарылды (59 газет, 62 журнал, 19 интернет-басылым).

Құқыққа қайшы контентпен күрес

Интернет желісінен 74 130 заңсыз материал анықталып, оның 36 667-сі жойылды.
Онлайн платформалардан табылған 49 896 контенттің 12 433-і өшірілген.

Бірлескен телеөнімдер мен жобалар

– «Евразия» арнасы мен Ресейдің «Первый канал» арнасы «Аллигатор» атты 8 сериялы сериал түсірді.
– «Qazaqstan» арнасы мен Түркияның «Kanal D» арнасы «Қайта оралған Үміт» атты 100 бөлімдік телехикаяны жарыққа шығармақ.
– «24KZ» арнасы мен Қытайдың CCTV‑4 арнасы «Ортақ үй» атты деректі фильмді ұсынды.
– «Хабар» арнасы «Ұлы дала мен Аспан асты елі: көршілер, серіктестер, достар» фильмін көрсетті.

Халықаралық ынтымақтастық

Euronews арнасымен бірлесіп:
– «Modern Nomads» – 12 шығарылым
– «East West Connect» – 6 шығарылым
– «Voices from Central Asia» – 6 шығарылым
– «Focus» – 3 репортаж дайындалды.
Сондай-ақ, наурыз-маусым айларында Euronews Academy аясында журналистика және медиаменеджмент бойынша 4 кәсіби курс ұйымдастырылған.

Таралым аясын кеңейту

«Сұр табақшалар» науқаны аясында отандық спутниктік аппараттарды сатып алуды ынталандыру үшін субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында 300-ден астам құрылғыға қолдау көрсетілді. Жақын уақытта шекаралас аймақтарда 3 000-нан астам аппаратты қолдану жоспарланып отыр.