«Қайраттың» бас директоры қызметінен кетті

Астана, baq.kz. «Қайрат» футбол клубының бас директоры Әлішер Апсалямов өз еркімен қызметінен кететінін хабарлады. Бұл туралы футбол клубының баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Біз Әлішердің жұмысына алғыс айтамыз. Ол соңғы екі маусымда осы қызметте өзін жақсы көрсетті. Оның басшылығымен қаншама міндетті орындадық. Әлішер футболға деген махаббаты мен білімі арқылы өз ісінің маманы, жауапты және креативті басшы бола білді», - деді клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев. 

Ол Апсалямовтың шешімен қарсы келмей, сәттілік тілейтінін жеткізді.

«Клубтан кету шешіміне біз қарсы тұрмай, карьерасында дамуға мүмкіндік бердік. Мен оған сәттілік тілеп, бірге атқарған жұмыстар үшін шын алғыcымды білдіргім келеді», - деді ол. 

Сондай-ақ клуб «Қайрат» бас директорының міндетін атқарушы лауазымына Марат Баймұханов келгенін хабарлады.
Марат Бүркітұлы – «Қайрат» футбол клубында бірнеше жылдық тәжірибесі бар маман. Ол 2015 жылы алматылық клуб құрылымындағы карьерасын бастады. Соңғы төрт жылда команда басшысы, әкімшілік-шаруашылық істері департаменті директоры қызметінде еңбек етті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы