"Қайратқа" академия не үшін керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирусқа байланысты футбол уақытша тоқтағанымен, трансферлік ауысымдар жүріп жатыр. Қазақстанда трансферлік терезе 3 сәуірде жабылады.

Осы ретте Алматының "Қайрат" клубы 20 жастағы ресейлік жартылай қорғаушы Кирилл Колесниченконы қатарға қосты. Бұл футболшының есімі бәймәлім.
Кирилл Колесниченко – Ресейдің Волгоград облысында дүниеге келген. 11 жасында Мәскеу қаласына қоныс аударып, "Чертанова" мектебінде футбол әліппесін ашты.

Ал 2018 жылы Колесниченко Ресей премьер-лигасындағы алғашқы ойынын өткізді. Ол сол кезде "СКА- Хабаровск" сапында "Уралға" қарсы кездесуде алаңға шықты. Бұл команда сапына Кирилл жалға алынған. Кейіннен "Чертановаға" қайтып оралды. 2018/2019 жылғы маусымда 30 матч өткізіп, 6 гол соқты.
Футболшымен "Қайрат" үш жылдық келісімшарт жасады.

Осы ретте заңды сұрақ туындайды. Аршавин, Тимощук секілді футболшыларды маркетинг үшін алды. Исаэль мен Жерар Гоу жергілікті ойыншылардан деңгейі жоғары болғаны үшін және командаға пайдасын тигізетін болған соң қатарға қосты. Ал 20 жастағы Кириллдің не қажеті бар? Ондай жас футболшылар "Қайраттың" өзіңде де көп емес пе?

"Қайраттың" академиясы 7 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Әрине, сөз жүзінде бәрі керемет. Қазіргі кезде клубта 9 шетелдік ойыншы бар. Сонда өз түлектері қашан ойнайды? Осы 7 жылдың ішінде негізгі құрамда ойнайтын бірде-бір түлекті дайындап шығара алмағаны ма?

Мысалы, орталық қорғаушы Нұрәлі Әліп Ақтау футболының түлегі. Ержан Жамбыровтың (қазіргі "Оқжетпестің" спорттық директоры) қарамағында жаттыққан. Бірақ клуб пен көптеген жанкүйер мұны мойындай бермейді. Өйткені, Әліпті "Қайраттың" түлегі санайтындар жеткілікті. Осы ретте бір мысал келтіріп өтейік. Англияда Уолкотты ешкім "Арсеналдың" түлегі санамайды. Ол Лондон клубына 16 жасында келген.

"Қайраттың" негізгі құрамында ойнап жүрген екінші футболшы – Айбол Әбікен. Жартылай қорғаушы Алматының "Еңбек" клубының түлегі.

Өзге футболшыларға тоқталсақ, Покатилов – Оралдан келген, Миканович – хорват, Дугалич – серб, Сүйімбаев пен Астанов – Шымкент футболының түлегі, Шушеначев – Тараз футболының түлегі. Кондрад пен Гуральски – Польшадан, Косович – Черногориядан, Әліқұлов – Қырғызстаннан , Эсеола – Украинадан, Оганесян – Армениядан, Айымбетов – Ақтөбеден... Сонда академия түлектері қайда?

Әрине, "Қайраттың" саясатының бірі – еліміздің үздік жас ойыншыларын өздеріне жинап алу. Бірақ олардың бәріне ойнауға мүмкіндік беріп жатқан жоқ.

КЛУБТАР ТРАНСФЕРГЕ ҚАНША АҚША ЖҰМСАДЫ?

Қазақстан премьер-лигасының бес клубы қысқы трансферлік үзіліс кезінде ойыншы сатып алған. Ал қалғандары тек еркін агенттермен келісімшарт жасасқан.

Футболшы сатып алған клубтардың арасында "Астана", "Қайрат", "Ордабасы", "Жетісу", "Ертіс" бар.

"Астана" Transfermarkt сайтының мәліметі бойынша Пиерос Сотиру (бұрынғы клубы – "Копенгаген", трансфер құны – 2 миллион еуро) мен Макс Эбонг (бұрынғы клубы – "Шахтер" (Солигорск), трансфер құны – 250 мың еуро) сатып алған.

"Қайрат" трансфер кезінде Яцек Гуральски (бұрынғы клубы – "Лудогорец", трансфер құны – 1 миллион еуро), Кирилл Колесниченко (бұрынғы клубы – "Чертанова", трансфер құны – 250 мың еуро), Гүлжігіт Әліқұлов (бұрынғы клубы – "Неман", трансфер құны – 180 мың еуро) сынды футболшыларды қатарға қосты.

"Ордабасы" Рубен Брижидуге (бұрынғы клубы – "Берое") 50 мың еуро жұмсады.

"Жетісу" Педро Эуженионы (бұрынғы клубы – "Берое") 40 мың еуроға, ал "Ертіс" Валерия Почивалинаны (бұрынғы клубы "Химки") 71 мың еуроға сатып алды.

Осылайша, клубтардың трансферде жұмсаған қаржысының жалпы сомасы – 3 миллион 841 мың еуроны құрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы