«Қайрат» 0:2 ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 19-турындағы орталық кездесуде Қостанайдың «Тобылы» мен Алматының «Қайраты» кездесті.
Осы ойынның алдында «Тобылдың» бас бапкері Владимир Газзаевтың оставкаға кеткені белгілі болды.Ал ойынға келер болсақ, Алматы командасының басымдығымен өтті. Алаң иелері екінші нөмірмен ойнады. Есепті «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Артурас Жулпа ашты. Сосын «Қайрат» қорғаушыларының өрескел қателігін тиімді пайдаланып кеткен Максим Федин екінші голды соқты.
Дегенмен, үзіліске дейін «Қайрат» ойыншылары есеп айырмасын бір допқа қысқартты. Команда капитаны Исламханның сол қапталдан әуелетіп берген добын Сейдахмет жүгіріп келіп баспен ұрды.
Екінші тайм қонақтардың прессинг жасауымен басталды. Алаңға «Қайраттың» үздік сұрмергені Адеринсола Эсеола шықты.
Мартону Эппельге нәтижелі пас шығарып берген осы украиналық шабуылшы болатын. Өз кезегінде венгр алдымен таразы басын теңестіріп сосын дубльдің авторы атанды. Бір голдан пенальтиден Бауыржан Исламхан соқты. Қостанай командасынан Сенин Себаи есеп айырмасын қысқартқанымен, одан әріге шамалары жеткен жоқ. Қорытынды есеп - 3:5. «Қайраттың» пайдасына. Алматы командасы 38 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында келеді.
«Тобыл» - «Қайрат» - 3:5 Голдар: Жулпа,14 (1:0).Федин, 31 (2:0). Сейдахмет, 45+1 (2:1). Эппель, 73 (2:2). Эппель, 79 (2:3).Эсеола, 82 (2:4).Себаи,83 (3:4).~Исламхан, 86-пенальтиден 3:5).
Алаңнан қуылды: Андрюшкявичюс, 85.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, футболдан Қазақстан премьер-лигасының 19-турында елге оралған Еркебұлан Сейдахмет «Қайрат» сапындағы алғашқы голын соқты.