«Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны: Қаладағы қауіпсіздік күшейтілді

Алматыда футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч барысында тәулік бойы медициналық бақылау ұйымдастырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы қаланың Қоғамдық денсаулық басқармасы мәлімдеді.

Осы мақсатта стадион аумағына бес жедел жәрдем бригадасы қойылып, әрқайсысы кез келген жағдайда жедел іс-әрекетке дайын тұрады.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, медициналық құрам ірі спорттық және бұқаралық іс-шараларда тәжірибесі мол жоғары білікті мамандардан жасақталған. Бригадалар трибуна маңында және кіреберіс жақта орналасып, ұйымдастырушылармен және қауіпсіздік қызметімен тұрақты байланыста болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық шара жанкүйерлердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл матч қонақтарының Алматыдағы осынау жарқын әрі көптен күткен спорттық оқиғаны алаңсыз тамашалауына мүмкіндік береді.

Бұған дейін Алматыдағы жанкүйерлердің жылы қабылдауын “Реалдың” жартылай қорғаушысы әрі вице-капитаны Федерико Вальверде ерекше атап өткен.

Сондай-ақ алдағы матч жайлы “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин де өз пікірін білдірген еді.

Командалар УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында кездеседі. Матч 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда жергілікті уақытпен 21:45-те басталады. “Реал” дүйсенбіге қараған түні Қазақстанға ұшып келді. Мадридтен сапар шамамен 11 сағатқа созылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы