Қайрат Қожамжаров Ұлттық қорғаныс университетінде болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Қайрат Қожамжаров Ұлттық қорғаныс университеті мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Әскери-ғарыш бағдарламалар орталығында болды. 

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Депутат оқу процесімен және жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, оқу орындарының материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.

Сапар барысында университеттің профессор-оқытушылар құрамымен, докторанттар және магистранттармен, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің, университеттің және Әскери-ғарыш бағдарламалар орталығының басшылығымен кездесу болды.

Сенатор өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауындағы бірнеше өзекті бастамаларды атап өтті. Кездесуде университеттің инфрақұрылым нысандарының құрылысындағы өзекті мәселелер қозғалды, мемлекеттік тілдегі әскери-ғылыми оқу әдебиетінің жоқтығы, университеттің зертханалары мен кафедраларын заманауи компьютерлік техникамен заманауи бағдарламалық өнімдермен уақтылы қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ материалдық-техникалық жарақтандыру мен оқу процесінің басқа да мәселелері атап өтілді. 

Әскери кадрларды даярлау жөніндегі қазіргі заманғы жүйенің икемді және тиімді болуы, бүгінгі заманғы қауіп-қатерге жауап беретін, әскери өнерді дамыту үрдістері мен жаңа кезеңдегі соғыс түрлерін болжай алатын болуы тиіс, - деп атап өтті сенатор.

Сенатор әскери қызметшілердің қызметін заңнамалық қамтамасыз ету, жалпы әскери қызмет, тұрғын үй қатынастары мәселелеріне, сондай-ақ арнайы операциялар мен төтенше жағдайлар кезінде құқық қорғау және арнайы органдардың лауазымды адамдарының іс-қимылдарын заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігіне тоқталды.

Кездесуде сондай-ақ заңнамадағы жаңалықтар, атап айтқанда Сенатта қаралған "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы"  заңға енгізілетін өзгерістердің негізгі ережелері туралы пікір алмасылды.

Қайрат Қожамжаров кездесу соңында университеттің барлық профессорлық-оқытушылық құрамына ғылыми қызметтерінің табысты болуына тілектестін білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы