"Қайрат" "Пафоспен" өткен матчтан кейін қанша табыс тапты

Алматылық "Қайраттың" УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы ұпайы клубқа қанша табыс әкелгені белгілі болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Үшінші турда "Қайрат" өз алаңында Кипрдің "Пафос" командасымен 0:0 есебімен тең түсті. Айта кетейік, қонақтар төртінші минуттан бастап Жоау Корреяның алаңнан қуылуына байланысты 10 адаммен ойнады.

Осы нәтижесі үшін "Қайрат" 700 мың еуро сыйақы алады. Ал жеңіске жеткенінде УЕФА 2,1 миллион еуро төлейтін еді.

Сонымен қатар Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алу клубқа 18,62 миллион еуро көлемінде кепілді төлем әкелген.

Айта кетейік, алғашқы турда Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері сырт алаңда Португалияның "Спортингінен" 1:4 есебімен ұтылып, екінші турда өз алаңында мадридтік "Реалдан” 0:5 есебімен жеңілген еді.

Қазір бір ұпаймен "Қайрат" Чемпиондар лигасының жалпы кестесінде 33-орында тұр. 6 қарашада алматылық команда сырт алаңда Италияның "Интерімен" кездеседі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы