Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады

Сот ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодексінің 829-бабының 14-бөлігін басшылыққа алып қаулы етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайрат Нұртас пен Асылбек Бекқайыров арасындағы бітімгершілікке келу туралы келісім бекітілді. Яғни Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша іс жүргізу екі жақтың татуласуына байланысты тоқтатылды.

Бірақ төбелес кезінде әнші әдепсіз сөздер айтқан. Сондықтан сот Қайрат Нұртасқа өз әрекетімен қоғамға сыйламаушылық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындады.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылсын және оған 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалсын. Әкімшілік қамаққа алу уақыты әкімшілік ұстау хаттамасында көрсетілген уақытты қоса 2024 жылдың 4 шілдесі сағат 23:50-ден бастап есептелсін, - деді сот. 

Айта кетейік, Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қайрат Нұртастың Алматы-Астана бағытындағы ұшақта бұзақылық көрсеткеніне қатысты сот отырысы өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы