"Қайрат" – мықты команда, бірақ біз жеңуге ниеттіміз – "Пафостың" бас бапкері
Кипрдің “Пафос” клубының бас бапкері Хуан Карлос Карседо УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда “Қайратқа” қарсы өтетін матч алдындағы командасының көңіл күйімен бөлісті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бапкердің айтуынша, алдағы ойын тең дәрежеде өтеді деп күтілуде.
Ең алдымен, баршаңызға қонақжайлықтарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Біз Қазақстанға алғаш рет келдік, осында болғанымызға өте қуаныштымыз. Ертең біз өзімізге ұқсас қарсыласпен кездесеміз – соңғы жылдары айтарлықтай күшейген, алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққан командамен. Бұл өте қызықты ойын болады деп сенемін. Қазір біз өз біріншілігіміздің турнирлік кестесінде бірінші орындамыз, дәл сол сияқты “Қайрат” та өз чемпионатында көш бастап тұр. Алдағы матч алаң иелері үшін тамаша мүмкіндік болмақ, өйткені олар өз алаңында ойнайды. Бірақ бұл біз үшін де өз позициямызды нығайтуға мүмкіндік. Ойын оңай болмайды, – деді ол.
Бапкердің айтуынша, ішкі чемпионаттағы соңғы жеңіс командаға Алматы сапары алдында сенімділік берді.
Чемпиондар лигасының әрбір ойыны қиын. Ертең бізді ауыр кездесу күтіп тұр, сондықтан бар күшімізді салып, жеңіске жету үшін ең үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз, – деді Карседо.
Журналистердің “Қайраттың ойынын кіммен салыстыруға болады?” деген сұрағына ол:
“Қайрат” – агрессивті, шабуылдаушы футболды ұнататын команда. Мүмкін, бір жағынан, ол маған Кипрдің “Арис” клубын еске салады. Бірақ біз бұдан да жақсы ойнауға тырысамыз, – деді ол.
Карседо өз командасының да күшті тұстарын атап өтті.
Біздің басты күшіміз – допты бақылау. Соңғы екі жыл бойы біз осы ойын стилін дамытуға тырысып келеміз. Алаңда мүмкіндіктер жасауға жұмыс істейміз. Ертең бізге мықты қарсылас қарсы тұрады, бірақ біз басымдық көрсетуге және жақсы футбол көрсетуге тырысамыз. Бұл кезеңде барлық командалар мықты – “Қайрат” та солардың бірі. Бұл ұпайлар екі тарап үшін де маңызды, алайда біз оларды алу үшін барымызды саламыз, – деді ол.
Сондай-ақ Карседодан Алматыға ұшу және өткен жылы Конференциялар лигасы аясындағы “Астанаға” қарсы өткен ойын туралы сұралды. Сол матчта “Пафос” 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Ұшу жақсы өтті, жол шамамен бес-алты сағатқа созылды. Біз уақытында келдік, бәрі ыңғайлы болды, ешқандай қиындық болған жоқ. Ал “Астанамен” өткен кездесу туралы айтсақ, біз өткен жылы ойнадық – екі команда да қазір өз біріншіліктерінде жоғарғы орында тұр, деңгейлері шамалас. Дегенмен, менің ойымша, “Қайрат” – “Астанадан” күштірек. Бірақ ертең мүлде басқа ойын болады. Біз жеңіске жетуге тырысамыз, өйткені бұл ұпайлар біз үшін өте маңызды, – деді Карседо.
Кипрлік клубтың бас бапкері сондай-ақ “Қайраттың” жас таланты Дастан Сатпаевтың ойынына пікір білдірді. Ол жақын уақытта Лондонның “Челси” клубына ауысуы мүмкін.
Дастан – өте дарынды жас ойыншы, жоғары деңгей көрсетіп жүр. Келесі маусымда ол “Челсиде” ойнайды. Бұл оның дамуы үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Қазір жас ойыншылар ерте жетіліп, жоғары нәтижелерге жетуде. Меніңше, сіздердің басқа да мықты ойыншыларыңыз бар. Маған сіздердің агрессивті ойын мәнерлеріңіз ұнайды. Біз тек бір ойыншыға емес, бүкіл командаға назар аударамыз, – деді ол.
Сондай-ақ бапкер алдағы ойынның қарқынды өтетінін айтты.
Ертең біз жоғары қарқынмен ойнауды жоспарлап отырмыз, себебі қарсылас агрессивті футбол ойнайды. Біз белсенді прессинг жасап, ойынды бақылап, мүмкіндігінше ертерек гол соғуға тырысамыз – бұл бізге сенімділік береді, – деді “Пафос” бапкері.
Айта кетейік, “Қайрат” пен “Пафос” арасындағы матч ертең Алматыдағы “Орталық стадионда” 21:45-те басталады.