"Қайрат" футбол клубының танымал жаттықтырушыларының бірі өмірден өтті
"Қайрат" футбол клубы академиясының жетекшісі Кирилл Сергеевич Кекердің аяқ астынан дүниеден өткенін хабарлады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Ол 1 желтоқсанда 46 жасында көз жұмды. Бұл бүкіл клуб үшін және жалпы қазақстандық футбол қауымдастығы үшін ауыр қайғы болды.
Кирилл Кекер он жылдан астам уақыт бойы "Қайрат" жүйесінің маңызды бөлігі болды. Ол клубтың даму стратегиясын айқындауға атсалысқан кәсіби маман ретінде танылды. Әділдігі мен талапшылдығын ұштастыра біліп, жас футболшылардың мүмкіндігін ашуға, оларды қалыптасу кезеңінде қолдауға үлкен еңбек сіңірді.
Әр жылдары Кекер клуб құрылымында маңызды лауазымдарды атқарды. 2022-2024 жылдары "Қайрат" негізгі командасын басқарды, ал 2025 жылы клуб академиясының жетекшісі қызметіне тағайындалды. Сонымен қатар ол Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы – U-19 командасымен жұмыс істеп, отандық футболдың жаңа буынын тәрбиелеуді жалғастырды.
Клуб басшылығы Кирилл Кекердің академияны, негізгі команданы және ұлттық жастар бағдарламаларын дамытуға қосқан үлесі орасан екенін атап өтті. Оның еңбегі, идеялары мен жұмыс тәсілі жас спортшыларды даярлау жүйесінде терең із қалдырды.
ФК "Қайрат" Кирилл Сергеевич Кекердің отбасына және жақындарына шын жүректен көңіл айтты. Оның қазасы ел футболы үшін орны толмас қаза екені баса айтылды.