Қай сала аптасына тек 4 күндік жұмыс істей алады
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Қазақстанда 4 күндік жұмыс аптасына қандай салалар көше алатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін елімізде 4 күндік жұмыс аптасы енгізілген болатын. Мұның соңы не болды? – деп сұрады БАҚ өкілдері.
Вице-премьер мәселе заң аясында қаралып жатқанын жеткізді.
Бұл мәселені қарадық. Еңбек кодексінде ол бар. Бұл – жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынас. Мысалы, қыста қонақүйлер қызметкерге 4 күн жұмыс істеуге мүмкіндік бере алады. Бірақ туристер көп келген кезде жұмыс аптасын 6 күнге ұзарта алады. Алайда 40 сағаттық жұмыс аптасы сақталуы керек, - деп түсіндірді Дүйсенова кулуарда.
Сондай-ақ оның сөзінше, 4 күндік жұмыс аптасымен қызмет көрсету мен туризм, қонақүй бизнесі саласы жұмыс істей алады.
Еңбек заңнамасын либеризациялау және жұмысқа алудың жаңа формаларын (қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, жарты күндік жұмыс күні) дамыту мақсатында 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап түзетулер енгізілген болатын. Осылайша, ресми түрде мынадай режимдер пайда болды:
- бірлескен жұмысқа орналасу
- икемді жұмыс кестесі
- тараптардың келісімі бойынша 4 күндік жұмыс аптасы (5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасына кезектестіру құқығымен)
- платформалық жұмыс.