Қай өңірдің тұрғындары туберкулезді жиі жұқтырады?
Елімізде 8 мыңнан астам адам туберкулезбен есепте тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ДСМ штаттан тыс бас фтизиатр-дәрігері, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов мәлімдеді.
Айтуынша, биыл 6 айдың қорытындысына сәйкес, ауру көрсеткіші біршама төмендеген.
2025 жылдың 6 айының қорытындысында ауыру көрсеткіші 13,9%-ға төмендеді. Таралу деңгейі 16,1%-ға (100 мың халыққа 41,6 жағдай), балалардың туберкулезбен ауыруы 6,7%-ға (100 мың балаға 8,4 жағдай), туберкулезден болатын өлім көрсеткіші 20%-ға (100 мың тұрғынға 0,8 жағдай) азайды. 2024 жылдан бері Қазақстан Республикасында 0 мен 17 жас аралығындағы балалар арасында туберкулезден қайтыс болған оқиға тіркелмеді, - деп атап өтті бас фтизиатр Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ведомство өкілі қай өңір тұрғындары туберкулезге жиі шалдығатынына тоқталды.
Бір өңірде бір миллионнан астам адам тұрса, енді бірінде небәрі 600-700 мың тұрғын болуы мүмкін. Сондықтан біз ауру санына емес, аурушаңдық коэффициентін назарға аламыз. Туберкулезге шалдығудың жоғары көрсеткіші Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында кездеседі. Бұл өңірлерде тұрғындар саны аз болғанымен, аурушаңдық деңгейі жоғары, - деді Мәлік Әденов.
Белгілі болғандай, керісінше, Түркістан облысы, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында халық саны көп болғанына қарамастан туберкулез жұқтыру көрсеткіші төмен.