"Қаулысы бар да, қаржысы жоқ". Депутат орманшылардың жалақысы әлі көтерілмегенін айтты

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы орманшылардың жанайқайын жеткізіп, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі депутаттық сауалым биліктің құжат жүзіндегі жағымды жаңалығына сеніп сан мәрте сан соққан жұрттың жанайқайы жайында. Ретімен айтайын, Семей орманында өрт болып, ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса, орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді, - дейді депутат.

Аралбайды бұл мәселені былтыр қыркүйекте Мәжілісте көтерген. Сол кезде Үкімет өкілдері, салалық министр «жалақыны өсіреміз» деп уәдені үйіп-төккен.

Бұл жолы оттан көйлек киіп орман өртімен күресетін мамандардың жалақысы өсер деп қатты үміттендік, бір жыл дегенде ақжолтай ақпарат келді. 2024 жылдың 1 шілдесінде Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы қаулыға қол қойды. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Бөркімізді аспанға атып алақайладық, - деп айтты Нартай Аралбайұлы.

Айтуынша, құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар еді.

Шіліңгір шілдеден бастап жалақымыз еселеп артады деп елдің еңсесі тіктеліп қалды. Бірақ 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде. Себебі аталған қаулы Қызылорда облысында, Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деген дерек келді. Орманшылардың жазған арызы да міне менің қолымда. Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулысы бар да, қаржысы жоқ, - деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді.

Депутат осы айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған қаулының толыққанды орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамасыз етуді сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы