Бүгiн 2026, 15:42 Фото: Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі

Қауіпті жүргізушіні тоқтатпақ болған: Түркістанда полиция қызметкері қаза тапты

Патрульдік экипаж қызметтік тапсырма кезінде жол апатына ұшырады. Қайғылы оқиғаның ресми нұсқасын оқыңыз.

Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде патрульдік полиция қызметкері жол-көлік оқиғасынан қаза тапты.

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 2 шілде күні Түркістан қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков қызметтік міндетін орындау барысында қайғылы жағдайға ұшыраған.

Алдын ала мәлімет бойынша, патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өз әрекетімен өзге жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген жеңіл автокөлікті тоқтатуға бағытталған.

Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік полицияның Chevrolet Cobalt маркалы қызметтік автокөлігі жол-көлік оқиғасына ұшырады. Апат салдарынан ауыр жарақат алған полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Әлеуметтік желілерде жол апатының себептері туралы түрлі болжамдар, оның ішінде қызметтік автокөліктердің қозғалыс жылдамдығына қатысты ақпарат тараған. Алайда құқық қорғау органдары бұл мәліметтерге ресми түрде түсініктеме берген жоқ. Сондықтан апаттың нақты себептері тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қаза тапқан полиция қызметкерінің отбасына және жақындарына көңіл айтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Түркістан облысы Полиция департаменті полиция капитаны Бауыржан Қонысбековтің антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарғанын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Түркістан облысы Полиция департаменті және ішкі істер органдарының жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.