Бүгiн 2026, 15:08 Фото: Reuters

Қауіпті циклонға байланысты Жаңа Зеландияда төтенше жағдай жарияланды

Мыңдаған адамға үйлерін тастап шығу жөнінде нұсқау берілді.

Жаңа Зеландияда Vaianu циклонының жақындауына байланысты тұрғындарды шұғыл эвакуациялау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, елдің Солтүстік аралында су тасқыны, көшкін және қатты дауыл қаупіне байланысты мыңдаған адамға үйлерін тастап шығу туралы ескерту жасалған.

Ұлттық метеоқызметтің дерегінше, нөсер жаңбыр мен жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жететін екпінді желмен қатар жүретін циклон жексенбі күні жетеді деп күтіліп отыр. Одан кейін ол Чатемнің шалғай аралдарының батысына қарай ойысады.

Бірқатар өңірде төтенше жағдай режимі жарияланған. Билік ел астанасы Веллингтоннан шамамен 430 шақырым солтүстікте орналасқан Уакатане қаласының жекелеген аудандарында эвакуация жүргізуге тапсырма берген.

Уакатане муниципалитеті тұрғындарды кем дегенде екі күнге үйлерін тастап кетуге дайын болуға шақырды. Жергілікті биліктің бағалауынша, жағалау аймақтарында көшкін, дауыл толқыны, биіктігі 13 метрге дейін жететін алып толқындар және су басу қаупі бар.

Жаңа Зеландияның премьер-министрі Кристофер Лаксон бұған дейін циклон айтарлықтай шығын келтіруі мүмкін екенін ескертіп, халықты алдын ала дайындалуға шақырған. Атап айтқанда, су ағатын арналары тазалау, көршілердің жағдайын тексеру және электр қуатының үзілуіне дайын болу қажеттігін айтқан.

Vaianu-дың жақындауы елде 2023 жылы Жаңа Зеландияны соққан Gabrielle циклонын еске түсіріп, алаңдаушылық тудырып отыр. Сол кезде 11 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған еді.