"Қауіпті роза": Қазақстанда Эквадордан әкелінген гүлдерден зиянкестер табылды
Қазақстанға Эквадордан әкелінген раушан гүлдерден зиянкестер табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Сарыарқа» халықаралық әуежайының фитосанитариялық бақылау бекетінде Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы карантинге жатқызылған өнімді импорттау кезінде бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізу барысында фитосанитариялық талаптарға қайшы әрекеттерді анықтады, - деп хабарлады Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің баспасөз қызметі.
Бақылау іс-шаралары аясында Эквадор Республикасынан келген раушан гүлдерінен сынамалар алынды. Оларлың жалпы көлемі 50 695 дана.
«Фитосанитария» РМК Қарағанды облыстық филиалының сараптама қорытындысына сәйкес, гүлдердің бір бөлігінен карантиндік нысан — батыс гүл трипсі табылып, әкімшілік іс қозғалды. Материалдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Кореядан әкелінген қауіпті қызанақ тұқымы анықталған болатын.