Қауіпті маневр: Автобус пен жеңіл көлік бірін-бірі "қысып", жолға таласты

Желіде Алматы көшелерінің бірінде түсірілген видео тарады. Онда автобус жүргізушісі жолда қауіпті жағдай туғызып жатқаны көрінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Автобус жүргізушісі жеңіл көлікті жол бойында “қысуға” тырысып, жолақтан жолаққа ауысып, “жыланша” ирелеңдеп қозғалған. Сөйтіп жеңіл автокөліктің алдын орап, кедергі келтіргенін көруге болады.

Тіпті, видеода көрінгендей, бір сәтте автобус жеңіл көлікті жол жиегіне ығыстырып жібере жаздаған. Бірнеше рет екі көлік соқтығысуға шақ қалған. Бұл сәтте автобустағы жолаушылардың қандай күй кешкенін елестету де қиын.

Алматы қалалық полициясы бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, тексеру басталған.

Жүргізушінің де, тасымалдаушының да жеке тұлғалары анықталып, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады, – делінген хабарламада.

Полиция өкілдері қоғамдық көлік "жоғары жауапкершілік аймағы" екенін, жолда жасалған кез келген заңбұзушылықтың салдары болатынын еске салды.

Бұл өрескел жағдай. Мұндай әрекет жалпы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне тікелей әсер етіп, азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Біз жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет екенін ескертеміз, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шұмаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы