Қауіпсіздік қайда? Астанада аттракциондағы оқиға жұртты алаңдатты
Астанадағы орталық саябақта аттракцион кабинасы құлап, балаларға қауіп төндірді.
25 сәуір күні Астана Орталық паркі аумағында орналасқан аттракциондардың бірінде қауіпті оқиға тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Демалыс күні саябаққа келген отбасының екі баласы отырған аттракцион кабинасы жұмыс барысында үзіліп, жерге құлаған.
Оқиға куәгерінің айтуынша, аттракцион бірнеше айналым жасағаннан кейін балалар отырған кабина бекіткіш темірінен ажырап кеткен. Кабиналар жоғары-төмен қозғалып айналатын болғандықтан, келесі кабиналар құлаған бөлікті соғып өтіп, балалардың өміріне айтарлықтай қауіп төндірген.
Сол сәтте балалардың әкесі шұғыл әрекет жасап, кабинаны тартып үлгерген. Соның арқасында ауыр зардаптың алдын алуға мүмкіндік туған. Дегенмен екі бүлдіршін де жеңіл жарақат алған. Сонымен қатар ер адамның да қолы қысылып, жарақат алғаны айтылды.
Куәгерлердің сөзінше, аттракцион операторы оқиға кезінде жедел әрекет етпеген. Қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, сондай-ақ қызметкерлердің төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерді білмеуі қоғамда алаңдаушылық туғызуда.
Оқиғаға байланысты Нұра аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.
Нұра аудандық полиция басқармасымен қалалық саябақтардың біріндегі аттракционда болған оқиға бойынша тексеріс жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде аттракцион операторы келушілері бар отырғызу кабинасының құлағаны туралы хабарлаған.
Кабина аспалы темірдің бекіткішінен ажырап кеткен.
Тексеру қорытындысы бойынша материалдар тиісті уәкілетті органдарға шара қабылдау және аттракциондардың қауіпсіздігін тексеру үшін жолданады, – деп жазды Нұра аудандық полиция басқармасынан.
Қазіргі уақытта тиісті органдар аттракциондардың техникалық жағдайын тексеру мәселесін қарастыруда. Мамандар ойын-сауық нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігін алға тартып отыр.