"Қауіпсіз сауда": Павлодар облысында 100-ге жуық сауда орталығы бақылауға алынды

Павлодар облысының өрт сөндірушілері 96 сауда және ойын-сауық орталықтарын бақылауға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Басты мақсат – сауда орындарында өрт қауіпсіздігі мен талаптарын сақтау ережелерін түсіндіру. 

Айта кетейік, облыста жыл басынан бері сауда нысандарында үш өрт оқиғасы тіркеліп, үш кәсіпкер шығынға батты. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелген жоқ.  Ал былтырғы көрсеткіш – сегіз өрт.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтың айтуынша, қызыл жалынның шарпуына көбінесе электр сымдарының қысқа тұйықталуы, жарамсыздығы, пайдалану кезіндегі бұзушылықтар себеп. Сауда орындарының иелері кей кезде өрт сөндіргіштің жағдайын тексермейді.

Өрт жағдайларын алдын алу және болдырмау мақсатында «Қауіпсіз сауда» акциясы ұйымдастырылды. Шара аясында мамандар профилактикалық жұмыстарды қолға алып, сауда нысандарына басымдық берді. Ірі жеті нысан жіті бақылауымызға алынып, тактикалық жаттығулар өткіздік. Адам көп жиналатын ғимаратта жұмыс істейтін әр адам өрт қауіпсіздігі ережелерін білуі шарт. Қауіпсіздікті бірінші кезекте кәсіпорын басшылығы қамтамасыз етуі тиіс, - дейді Қайрат Шаймарденов.

Мамандар кәсіпкерлік кодексі шеңберінде ірі нысандарда жылына бір рет жоспарлы тексеру жүргізбек. Ал өрт қаупі орташа ғимараттар үш жылда бір рет тексеріледі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы