Қауіп күшейді: АҚШ өз азаматтарына Әзербайжанға бармауға кеңес берді
АҚШ Мемдепартаменті Әзербайжанға сапарды қайта қарауды ұсынды. Қауіпсіздік тәуекелдері, миналар мен терроризм қаупі аталды.
АҚШ Мемлекеттік департаменті өз азаматтарына Әзербайжанға сапарды қайта қарауды ұсынып, қауіп деңгейін арттырды. Бұл туралы Fox News басылымы жазды.
Ведомство ел бойынша 3-деңгейлі қауіп жариялаған. Бұл – қауіпсіздік тәуекелдерінің жоғары екенін білдіреді.
АҚШ билігі негізгі қауіптер ретінде:
- қарулы қақтығыс қаупін,
- терроризм тәуекелін,
- миналар мен жарылмаған оқ-дәрілердің бар екенін атап өтті.
Әсіресе елдің Иранмен шекаралас оңтүстік өңірлеріне бармау қатаң ескертілді. Себебі бұл аймақта АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейгелі бері дрон және зымыран шабуылы қаупі сақталып отыр.
Сондай-ақ Армениямен шекара маңында да қауіп жоғары. Онда миналар көп және олардың көбі белгіленбеген, бұл туристер үшін айтарлықтай қатер төндіреді.
АҚШ тарапы терроризм қаупі де өзекті екенін атап өтті. Мәліметке сәйкес, шабуылдар алдын ала ескертусіз болуы мүмкін және қоғамдық орындарды нысанаға алуы ықтимал.
Соған қарамастан, Әзербайжан соңғы жылдары ерекше табиғаты мен «балшық жанартауларымен» танымал туристік бағыттардың бірі болып келген. Алайда жаңа қауіптер бұл елге сапарлауға қатысты алаңдаушылықты күшейтіп отыр.