«Қатысатынымды үйдегілер білмейді»: Алматылық PUBG ойыншысы «Болашақ ойындарына» келді
Жарысқа 16 команда қатысады. Олар 1 миллион долларға жететін жүлде қорын сарапқа салады.
Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінде Қазақстан атынан Diga Esports командасы PUBG дисциплинасы бойынша сынға түседі. Команда ойыншысы Нұржан Қоянақов жарысқа қатысатынын әзірге үйдегілеріне айтпағанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, команда негізгі турнирге дейін арнайы іріктеу кезеңінен өткен. Diga Esports сапында төрт ойыншы бар.
«Қатысатынымды үйдегілер әлі білмейді. Турнирге дейін іріктеуден өттік. Командамыз төрт адамнан тұрады. Қарсыластарымыздың бәрі мықты. Дегенмен бәрі мүмкін деп ойлаймыз және жақсы нәтиже көрсетуге үміттіміз», – деді Нұржан Қоянақов.
PUBG – ойыншылардың үлкен виртуалды картада бір-бірімен бәсекеге түсетін Battle Royale форматындағы ойын. Бір матчта 64 ойыншы картаның әр бөлігіне түсіп, соңына дейін аман қалуға тырысады. Жеңіс соңғы болып қалған ойыншыға немесе командаға беріледі.
«Арнайы үлкен карта болады. 64 ойыншы әр жерге түседі. Соңында бір команда ғана аман қалуы керек. Сондықтан ойын шеберлікпен қатар, жағдайдың қалай өрбитініне де байланысты. Кейде сәттілік те шешуші рөл атқарады», – деді ол.
Нұржанның сөзінше, команда мүшелерінің негізгі жұмысы киберспортпен байланысты емес. Олардың көбі PUBG ойынын бос уақытында ойнайды.
«Менің Алматыда компьютерлік клубым бар. Сонымен қатар маркетинг саласында жұмыс істеймін. Командадағы жігіттердің көбі ойынды бос уақытында ойнайды», – деді спортшы.
Ойыншының айтуынша, жарысқа 16 команда қатысады. Олар 1 миллион долларға жететін жүлде қорын сарапқа салады. Алайда алғашқы орындарға берілетін сыйақының нақты көлемі әзірге жарияланбаған.