Қатты жел, тұман, бұршақ: Бірқатар өңірде дауылды ескерту жарияланды
Синоптиктердің мәліметінше, елдің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
«Қазгидромет» РМК бүгінге, 7 тамызға арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталып, найзағай, бұршақ, қатты жел, тұман және шаңды дауыл болады.
Ең жоғары ауа температурасы Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында +40°C-қа дейін көтеріледі. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Алматы және Жетісу облыстарында күндіз +35...+38°C аралығында қатты ыстық күтіледі.
Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғады. Желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін.
Қызылорда облысында аптап ыстықпен қатар шаңды дауыл болжанып отыр. Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аумақтарында өрт қаупінің деңгейі өте жоғары болады.
Тұрғындарға аптап ыстық кезінде күннің ең ыстық уақытында ұзақ уақыт сыртта болмауға, жеткілікті мөлшерде су ішуге және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес беріледі.