Қатты жел 8 тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, сағат 13-00-де Зеренді ауданының Ақадыр ауылында екпіні 23 м/с-қа дейінгі қатты желдің салдарынан жалпы ауданы 300 шаршы метр болатын 8 жеке тұрғын үйдің шатырлары ішінара бұзылды.
Бұл туралы Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі ххабарлайды.
Ақадыр, Ұялы, Еңбек-Бірлік ауылдарында электр беру желілері үзіліп, нәтижесінде 247 абонентті электрмен жабдықтау тоқтатылды. Оқиға орнында «Куат энергопартнер» ЖШС бригадасы, 1 бірлік техника және 5 адам жұмыс істейді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта елді мекендерде электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдардың арнайы комиссиясы үйлері желден зардап шеккен жеке тұрғын үйлердің иелеріне келтірілген залалды өтеу бойынша шешім қабылдайтын болады, – деп атап өтті ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына дауыл кезінде келесідей тәртіп ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді:
- Үйге құлап кетпес үшін өлі ағаштарды және ағаш бұтақтарын алдын-ала кесіп тастаңыз;
- Барлық құрылыстарды, әсіресе уақытша үйлерді жерге мықтап бекітіңіз;
- Дауыл кесірінен отбасы мүшелері әр түрлі жерлерде қалып қалса немесе үй қирап қалса, бүкіл отбасы үшін кездесу орнын белгілеңіз;
- Егер үйде болсаңыз, терезе әйнектерін көлденең немесе жұлдыз тәрізді бекітілген жабысқақ таспамен күшейтіңіз. Жел немесе су алып кетуі мүмкін барлық заттар мен жиһаздарды үйге кіргізіңіз, малды қауіпсіз жерге айдап, сол жерге жем мен су қалдырыңыз.