Қатқан нан, көгерген йогурт: Оқушыларға қандай тамақ беріліп жүр?
Мектеп оқушыларына қатқан нан, көгерген йогурт берілетіні рас па? Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған дейін мемлекеттік бюджеттен мектеп оқушыларына ең арзан, сапасыз тамақ беріледі деген ақпарат тараған еді. Азық-түлік шығынын зерттеу нәтижесінде мектептердегі тамақтың орташа құны бар-жоғы 579 теңге деген ақпарат шықты. Осы қаншалықты рас? Сондай-ақ бұған дейін жекеменшік мектептерде оқушыларға қатқан нан, көгерген йогурт беріледі деп ата-аналар шу шығарған болатын. Жекеменшік мектептердегі асханаларды бақылауға алына ма? – деп сұрады журналистер министрден.
Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұрын мектептердегі асханаға бөлінетін қаржының көлемі 200 теңгеден аспайтын. Бүгінгі күні бөлініп отырған ең жоғарғы қаржы – Алматы қаласында 850 теңге және Ақмола облысында 700 теңгеден аса бөлініп отыр. Бір реттік ыстық тамаққа бөлінетін ең төменгі қаржы – Қарағанды облысында 480 теңге. Қалған өңірлерде орташа есеппен 579 теңге, - деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.
Оның айтуына қарағанда, мамандардың есептеуі бойынша, бүгінгі күні баланы бір реттік ыстық тамақпен қамтуға бұл қаржы әзірге жеткілікті.
Бірақ жекеменшік мектептерде болсын, мемлекеттік мектептерде болсын, барлық мектепте ыстық тамақ сапалы дайындалып, балаларға ұсынылуы керек. Бірақ бір өкініштісі, біз көптеген шағымның негізінде зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде заңда көрсетілген тиісті талаптарды толыққанды орындамайтын кәсіпкерлерді анықтап отырмыз. Оған қатысты тиісті органдарға шара қолдануға қатысты жолдама бердік, - деді министр.
Бейсембаев кәсіпкерлерге балаларды ыстық тамақпен қамтуды бизнес деп қарамай, сапалы ыстық тамақ ұйымдастыруға шақырды. Сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі де, Оқу-ағарту министрлігі де ыстық тамақты сапалы ұйымдастыруға қатысты заңнамалық актілер қабылдап, талапты күшейткен.
Бірақ жергілікті жерлерде оның орындалуында үлкен сұрақ бар. Сондықтан мұны біз қадағалауды жалғастырамыз. Бұл жерде әр кәсіпкердің де жауапкершілігі жоғары болуы керек, - деп айтты Оқу-ағарту министрі брифингте.