Бүгiн 2026, 15:50 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Қате диагноз қойған: Қарағандыда жедел жәрдем қызметі науқастың өлімі үшін өтемақы төлейтін болды

Диагноз дұрыс қойылмай, пациент ауруханаға жатқызылмаған.

Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданында әйел ауырып тұрған жұбайына дұрыс диагноз қоймай, соның салдарынан күйеуі қайтыс болуына байланысты жедел жәрдем қызметіне қатысты сотқа шағымданған. 

Қарағанды облыстық сотында әйелдің жедел жәрдемнің жұбайына тиісті деңгейде медициналық көмек көрсетпеуіне байланысты моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды.

Әйелдің айтуынша, жұбайы медициналық көмектің тиісінше көрсетілмеуі салдарынан қайтыс болған. Жедел жәрдем шақырылған кезде пациент кеуде тұсындағы ауырсыну мен ашып-күйдіру сезіміне шағымданған. Алайда бригада жүрек-қан тамырлары ауруымен байланысты емес алдын ала диагноз қойып, пациент ауруханаға жатқызылмаған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі жедел миокард инфаркті болған. 

Сот талқылауы барысында медицина қызметкерлерінің ЭКГ нәтижесін қате түсіндіруге жол берілгені, пациенттің жағдайы бағаланбағаны және көмек көрсету тактикасы дұрыс қолданылмағаны анықталды.

Уәкілетті органның тексеру нәтижелері бойынша медициналық көмек көрсету стандарттарының бұзылуы анықталды, кінәлі адамдар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті соттағылар.

Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандыруға негіз бар деген қорытындыға келіп, жауапкерден талап қоюшының пайдасына моральдық зиянның өтемақысын өндірді.