Қатар Қазақстанға құқықтық көмек көрсетеді
Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қатар арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылдың 14 ақпанында Дохада қол қойылған құжатты Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев таныстырды.
Келісім күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеу үшін қажетті процессуалды іс-әрекеттерді жүргізуді мақсат етеді. Мысалы, қамаудағы адамдарды уақытша беру, тінту, банктегі шоттарды анықтау, қажетті сараптамалық жұмыстарды өткізу және т.б. Бұл іс-қимылдарды жүргізу механизмі Қазақстанның Қылмыстық-процессуалды кодексінде реттелген, - деді ол.
Сөзінше, егер мұндай әрекеттер Қатар мемлекетінде болса, онда алдын ала келісімге сәйкес біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлері осындай іс-шараларға толық қатыса алады.
Сонымен қатар құқықтық көмек көрсетуден бас тарту негіздері де көрсетілген. Олар көмек сұралатын тараптың ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе немесе оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне және басқа да маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса, сұрауда көрсетілген құқыққұзушылық саяси қылмыс болса, оны орындаудан бас тартуға құқылымыз.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары 2024 жылы 14 ақпанда Доха қаласында қол қойылған Қатар мемлекетімен арадағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялады. Ол екі елдің құзырлы органдары арасындағы адамдарды қылмыстық қудалау үшін ұстап беру мәселелері бойынша құқықтық қатынастарды реттейді.
Құжат ұстап берудің және одан бас тартудың негіздерін анықтайды, сондай-ақ ұстап берудің шарттары мен тәртібі, оны кейінге қалдыру және уақытша беру туралы ережелерді қамтиды. Әр тарап өз азаматтарын ұстап беру мәселесін қарастырмайды.