Қатар компаниясы Каспий жағалауында туристік нысан салмақ
Бұл туралы Қатардағы ең ірі компаниялардың бірінің иесі айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Estithmar Holding» компаниясының бас директоры Хенрик Кристиансен Қазақстан – Қатар инвестициялық форумында елімізге қатысты жоспарларымен бөлісті.
Қазақстанда екі бағыттағы жобаларды қарастырып жатырмыз. Бұл – туризм және медицина салалары. Мына алаң бізге үлкен мүмкіндіктер береді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Болашақта жемісті, сәтті жобалар болатынына сенемін, - деді ол.
Спикер сондай-ақ Қазақстан – Қатар инвестициялық форумы аясында 3 келісімге қол қойғалы отырғанымен бөлісті. Екі меморандум туризм және бір меморандум медицина саласында болады.
Біз үлкен қонақүй саламыз деп айтпаймыз. Бұл туристік нысан болғандықтан, орта деңгейдегіні саламыз. Себебі бұл салада тәжірибеміз мол. Бірнеше мемлекеттерде салып жатырмыз. Біздің қарастырып жатқан жобамыз Каспий жағалауында туристік нысан салу, - деді ол.
Хенрик Кристиансен Қазақстан нарығы өте тартымды екенін атап өтті. Себебі ел инфрақұрылым саласында да, басқа салаларда да қарқынды дамып жатыр деп есептейді.
Қазіргі кезде екі мемлекет басшысының келісімдері жоғары деңгейде, бұл да біздің іске серпін беріп отыр. Бізге бұл елде жұмыс жасау қолайлы. Кешеден бері бірнеше компаниялармен, адамдармен көрісіп жатырмын. Идеялары өте керемет, бірақ кейбірі іске аспай жатыр. Бұл тәжірибенің аздығынан болуы мүмкін. Бізге бұл нарық осы жағынан қызық, - деді «Estithmar Holding» компаниясының бас директоры Хенрик Кристиансен.