Қатар Әмірі Тоқаевқа ерекше қылыш сыйлады
Президентке Қатар Мемлекетінің негізін қалаған шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекеттің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы – Қатардың ең жоғары мемлекеттік символы. Оны монархтарға, ханзадаларға және мемлекеттер басшыларына Қатар Мемлекетіне және бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін Әмірдің өзі табыстайды.
Бұл қылыш алғаш рет Сауд Арабиясының Королі Салман бен Абдулазиз Әл Саудқа табыс етілген (2016). Кейінірек қылыш Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарекке (2021) және Испания Королі VI Филиппке (2022) сыйға тартылды.
Бұл символ – Қатар Мемлекетінің негізін қалаушы шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәни (1827-1913) ұстаған қылыштың дәлме-дәл көшірмесі. Қыны алтынмен (18 карат) апталған, екі жағы әшекейленген. Жүзі бағалы, тот баспайтын болаттан құйылған, ал сабы түйе сүйегінен жасалып, агатпен және турмалинмен қапталған.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев пен Қатар Әмірі бірқатар құжатқа қол қойды.