Қатар-2022: Ағылшын-француз арасындағы тартыста кімнің бағы жанады?

Ширек финалға жолдама алған Англия мен Франция құрамаларының дайындығы мен қарымы қалай?, - деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Еске сала кетейік, Англия мен Франция арасындағы ширек финалдағы кездесу 10 желтоқсанда өтеді.

 

Биыл Англия қалай? 

 

«Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері Эрик тен Хаг пікірінше, Англия биыл  футболдан әлем чемпионатында жеңіске жетуі мүмкін. 

Англияда 2022 жылғы әлем чемпионатында жеңіске жетуге жақсы мүмкіндігі бар, өйткені құрамы өте күшті. Менің ойымша, Англия турнирдің басты фавориттерінің бірі  - деді ол.

Айтарлықтай азулылардың тобына түспесе де, Англия осы біріншілікте сенімді ойнап жатыр. Алғашқы мачта Иран құрамасын 6:2 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Кейін АҚШ-пен тең ойнап, B тобындағы үшінші ойнында Уэльсті ұтты. Кеше іріктеу ойынында A тобында фаворит саналған Сенегалға жауапсыз үш гол соқты. 

Англия құрамасы Мундиаль басталғалы 12 гол салды: Рэшфорд – 3 гол, Сака – 3 гол, Кейн, Беллингем, Фил Фоден, Хендерсон, Стерлинг, Грилиш – 1 голдан.

Әлемдік біріншілікте Англия құрамасы жастардан құралған әрі ең қымбат ойыншылары бар құрамалардың бірі. Ағылшындардың трансфер құны шамамен 1,5 миллиард еуроға бағаланады.

 

Чемпиондардың ойыны қалай? 

Әлемдік сарапшылардың көбі  әлем чемпионатында Францияны нөмірі бірінші фаворит санайды. 

Плей-офф кезеңінің Польшаға қарсы өткізген матчында дубль жасаған Мбаппе әлем чемпионаттарында 24 жасқа дейінгі футболшылар арасында сегіз гол соққан тұңғыш футболшы атанды. Қазір 23 жастағы спортшының еншісінде әлем чемпионаттарында соғылған 9 гол бар, оның бесеуін  осы біріншілікте соқты. Бүгінде – ол еншісінде бес голы бар турнирдегі үздік сұрмерген. 

Франция ширек финалға дейін 9 гол салыпты (төрт матчта). Сол 9 голдың бесеуін – Мбаппе, үшеуін – Жиру, қалған біреуін Рабьо салған.

Спорт журналисі Жандос Байділдәнің айтуынша, Франция басымдықты командалық ойынға емес, Мбаппе секілді ойыншылардың шеберлігіне құрып отыр.

Жалпы, Бенземаның чемпионат алдында жарақат алғаны Мбаппеге қол болды. Былтыр Еуропа чемпионатында Бенземаның негізгі құрамда ойнауы Мбаппенің ұлттық құрамадағы прогресіне тежеу болған еді. Авторитет, харизма, тәжірибе бәрібір дегенін істетеді ғой. Бенземадан көп ойыншы ығады, оның магиясының жанында бәрі қатардағы ойыншыға айналады. Қазір Мбаппе қанатын жазып, ойқастап жүр. Өйткені, Жиру гол саны жөнінен ұлттық құрамада Анриді басып озғанымен, Мбаппе ығатын, көңіліне қарайтын шабуылшы емес. Егер негізгі құрамда Бензема жүрсе, Мбаппенің рөлі басқаша болар еді, - деп жазды ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы