Қатаңдыққа бет бұру: рекордтық мөлшерлеме инфляция мен теңгеге қалай әсер етеді?

Қазақстанда базалық мөлшерлеме ел тарихындағы ең жоғары деңгейде – 18% болып тұр. Ұлттық банк оны кем дегенде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы аяқталғанға дейін төмендетуді жоспарламайтынын мәлімдеді. Қаржы реттеушісі инфляциялық тәуекелдер әлі де жоғары екенін, ал инфляцияны төмендету үшін оның ұзақ уақыт бойы тұрақты баяулауы қажет екенін атап өтті. BAQ.KZ тілшісі экономистермен сөйлесіп, ағымдағы мөлшерлеме сақтала ма және бұл шешім ел экономикасына қалай әсер ететінін сұрады.

«Қысқа мерзімдегі ұтыс»

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев базалық мөлшерлеменің 2026 жылдың шілдесіне дейін 18% деңгейінде сақталуы – өте ықтимал сценарий деп санайды.

Ол Ұлттық банктің қазіргі тәсілі классикалық монетарлық ұсыныстарға толық сәйкес келетінін және жақын уақытта өзгеруі екіталай екенін атап өтеді.

Егер инфляция жоғары болса, базалық мөлшерлемені көтеріп, инфляция төмендегенше сол деңгейде ұстап тұру керек. Сондықтан бұл сценарий шынайы, бірақ менің ойымша, аса дұрыс емес. Экономикалық өсімді қолдау үшін мөлшерлемені төмендетуі керек еді, – деді Чеботарев.

Қазан айындағы мөлшерлемені көтеру қандай нәтиже берді?

Сарапшының айтуынша, қазандағы шешімнің әсері күткендей айқын болмаған.

Меніңше, Ұлттық банк күткен нәтижеге әлі жеткен жоқ. Әрине, carry-trade арқылы белгілі бір әсер болды, шетелдік инвесторлар келіп, теңге нығая түсті. Бірақ бұл – қысқа мерзімді пайда. Ұзақ мерзімде керри-трейд қатысушылары жағдай өзгерсе, ақшасын тез шығарып әкетеді, ал курс қайта әлсіреуі мүмкін. Бұл біздің нарыққа спекулятивті капиталдың келуінен туындаған «аю қызметі» болмай ма деген сұрақ та бар, – дейді сарапшы.

Ол сондай-ақ жоғары мөлшерлеме теория бойынша халық пен бизнес белсенділігін тежейді, бірақ әзірге айтарлықтай баяулау байқалмайтынын айтады. Чеботаревтың айтуынша, мөлшерлеме шешімдерінің әсері шамамен жарты жылдан кейін байқалатындықтан, қазір нақты қорытынды жасау қиын.

Қайта қарау және бейімделу кезеңі

Қаржыгер Расул Рысмамбетов жағдайды басқаша бағалайды. Оның пікірінше, базалық мөлшерлемені 2026 жылғы шілдеге дейін өзгеріссіз ұстау мүмкін емес, өйткені бизнес үшін несие құнын арзандату қажет болады.

Бизнеске қолжетімді несие қажет, әсіресе келесі жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Сондықтан мөлшерлемені ертерек төмендетуге тура келеді деп ойлаймын. Мүмкін, алдағы бірнеше айда-ақ басталатын шығар, – деді ол.

Сарапшы қазан айындағы өсім белгілі бір нәтижесін бергенін айтады: инфляция баяулай бастады, бұл – Ұлттық банктің негізгі мақсаты.

Рысмамбетовтің айтуынша, мөлшерлемеден бөлек, реттеушінің қолында басқа да тетіктер бар. Олар: вербалды интервенциялар, бизнес жүргізетін валюталық операцияларға ерекше бақылау, түрлі реттеушілік шектеулер.

Сонымен қатар, Ұлттық банк банктер үшін міндетті резервтер талаптарын күшейтіп жатыр. Дегенмен, сарапшының пікірінше, нарықтағы өтімділікті басқарудың негізгі және ең тиімді құралы – базалық мөлшерлеме.

Қазір экономика қайта қарау мен қайта бейімделу кезеңінде тұрғандықтан, біраз уақыт «толқулар» болып, ауыр өсу кезеңі жалғасатынын айтады.

Валюта бағамында тербелістер болуы мүмкін

Қаржы сарапшысы, экономист Арман Бейсембаев базалық мөлшерлеме кемінде алдағы жарты жыл сақталатынын, тіпті инфляция қайта үдесе, Ұлттық банк оны одан әрі көтеруге дайын екенін айтады.

Қатаң монетарлық ұстаным валюталық нарықта байқалып, теңгелік активтерді инвесторлар үшін тартымды ете түсті.

Сондықтан теңге қазір қатты нығайып, доллар арзандап жатыр. Себебі теңгелік құралдар бірден тиімді бола түсті. Ұлттық банк нарыққа мөлшерлеме жоғары болып ұзақ сақталады, инфляция төмендегенінің анық белгілерін көрмейінше өзгеріс болмайды деген қатал дабыл берді, – деді Бейсембаев.

Алайда ол теңгенің қазіргі нығаюы берік институционалдық негізге сүйенбесе, оның уақытша сипатта болатынын ескертеді.

Егер нығаю экономикадағы нақты институционалдық жетістіктерге – өндірістің өсуіне, күрделі экспорттың артуына, технологиялық серпіліске, тұрақты инвестиция тасқынына байланысты болса, бір басқа. Ал ондай өзгеріс болмаса, бұл – мүлдем басқа жағдай, – дейді сарапшы.

Бейсембаев кәсіпкерліктің қалыпты дамуы үшін тұрақты институционалдық орта маңызды екенін атап өтеді. Ал қазір екі дестабилизатор қатар келді: жаңа Салық кодексі және құбылмалы валюта бағамы.

Халық үшін теңгенің нығаюы пайдалы –  импорт арзандайды, бұл инфляцияны баяулатады. Бірақ валюталық тербелістер – бұл тұрақсыздық, ал тұрақсыздық өте қауіпті. Өйткені теңгенің қазіргі нығаюы нақты институционалдық негізге сүйенген емес, – деп қорытындылады ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ коллажы
Өзгелердің жаңалығы