Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның басты қағидаттарын БҰҰ қарарына енгізуді ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты.
Президент саммитте сөз сөйлеп, Қырғызстанның ШЫҰ-ға төрағалығы жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтты.
– Қырғызстан Ұйым мүшелерін жұмылдырып, біздің ұсыныстарымыздан «Тұрақты бейбітшілік, даму және өркендеу жолындағы бірлік» ұраны аясында мазмұнды күн тәртібін қалыптастырды. Бішкек саммитінің қорытындысы ортақ мақсаттарға бір табан жақындатып, Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты сақтайтын басты тіректердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ стратегиялық міндетке тоқталды. Оның пайымдауынша, күш көрсету культі мен конфронтация орнына өзара жауапкершілік, бірлесе даму және ұзақмерзімді ынтымақтастық салтанат құратын жаңа әлемдік тәртіп қалыптасуға тиіс.
– Халықаралық аренадағы мұндай ықпалдастықтың ең үлгілі моделі «Шанхай рухы» екенін ШЫҰ-ның көпжылдық тәжірибесі анық көрсетеді. Ұйым қызметіндегі теңдік пен консенсус қағидаттары, шын мәнінде, көпжақты ынтымақтастықты табысты дамытудың үздік өлшеміне айналды. Сондықтан ШЫҰ-ның басты қағидаттарын Халықаралық көпжақты ынтымақтастық және бейбітшілік жолындағы дипломатия күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарында бекітуді ұсынамын, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізілді.
– 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады. Ата заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы Құрылтай қызметіне кірісті, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысты жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғыс айтты.
Сондай-ақ Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады.
Бұдан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.
– БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, – деді Президент.