Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 2026 жылғы 19 – 20 маусымда Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстан Республикасына екіжақты қатынастар тарихындағы алғашқы ресми сапармен келді.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті мен Черногория Президенті мынадай мәлімдеме жасады:
1. Шынайы достық пен өзара құрметке негізделген дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына орай, Президенттер екі ел мен олардың халықтарының игілігі үшін екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және әртараптандыруға бейілділігін растады.
2. Президенттер екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелер, сондай-ақ негізгі жаһандық және өңірлік процестер бойынша мазмұнды келіссөздер жүргізді. Олар жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстарды қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, өзара мүдделі мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға уағдаласты.
3. Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына берік бейілділігін растады, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде күш-жігерді үйлестіруге және өңірлік әрі жаһандық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайындығын білдірді.
4. Президенттер қоршаған орта және климаттың өзгеруі саласындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ су ресурстарын жаһандық басқару ісінде Қазақстанның белсенді көшбасшылығы мен атсалысуын құптады.
5. Черногория тарапы тиімді мемлекеттік басқаруды нығайтуға және орнықты ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді конституциялық және институционалдық реформалар арқылы жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның саяси трансформация мен экономикалық жаңғыртуға деген дәйекті бейілділігін жоғары бағалады.
Өз кезегінде, Қазақстан тарапы Черногорияның экономикалық және әлеуметтік дамуындағы ілгерілеуін жоғары бағалап, Черногорияның Еуропалық Одаққа (ЕО) толыққанды мүше болу жолындағы күш-жігерін қолдайтынын растады және реформаларды одан әрі ілгерілету мен институционалдық әлеуетті нығайту ЕО-ға кіру бойынша келіссөздердің ойдағыдай аяқталуына ықпал ететініне сенім білдірді.
6. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтіп, өзара сауда көлемін ұлғайту және тікелей инвестицияларды ынталандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылды жандандыруға уағдаласты. Олар энергетика, көлік, логистика және құрылыс салаларын қоса алғанда, негізгі секторлардағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Тараптар өзара іс-қимылдың жаңа бағыты ретінде цифрлық даму және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетін де атап өтті.
7. Президенттер Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытудағы негізгі рөлін ерекше атап өтіп, оны Азия мен Еуропаны байланыстыратын сенімді әрі тиімді дәліз ретіндегі маңызының артып келе жатқанын мойындады.
8. Тараптар Қазақстан мен Черногория арасында дөңгелек үстел ұйымдастыру ісін құптап, туристер легін ұлғайтуды, әуе қатынасының байланыстылығын кеңейту үшін жағдай жасауды және екі елдің туристік әлеуетін ілгерілетуді қоса алғанда, туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
9. Тараптар жоғары білім, ғылым және зерттеулер саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге, сондай-ақ бірлескен академиялық және ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге уағдаласты.
10. Президенттер мәдени ынтымақтастықты екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудың маңызды негізі ретінде мойындап, оны одан әрі дамытуға бейілділігін растады.
11. Президенттер осы ресми сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар екі халықтың мүддесі үшін екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.