Қасым-Жомарт Тоқаев машина жасаушыларға үндеу жасады

Қазақстан машина жасаушыларының форумында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Тоқаев бұл форум осы саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналаған тиімді диалог алаңына айналғанын айтты.

Құрметті жиынға қатысушылар сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының 11-ші форумының ашылуымен құттықтаймын. Бұл форум осы саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналаған тиімді диалог алаңына айналды. Ел экономикасын әртараптандыру үшін инновацияға және озық технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту өте маңызды. Осы стратегиялық мақсатқа жету жолында машина жасау өндірісі айрықша рөл атқарады. Былтыр бұл салада жалпы құны 3 триллион теңгеден асатын өнім өндірілді. Тауар түрі мен экспорт көлемі көбейді. Мыңдаған жұмыс орны ашылды, - деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттырумыз керек екенін ерекше атап өтті.

Бұған кәсіпорын ұжымдарының қажырлы еңбегі, мемлекеттің орнықты саясаты және ауқымды қолдау шаралары зор септігін тигізді. Біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттырумыз керек. Сол үшін менің тапсырмаммен кешенді жоспар әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты іске асуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін. Өз өндірімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарыққа шығу біздің басты міндетіміз. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындай алатындарыңызға сенімдімін. Форум жұмысына табыс тілеймін! Еңбектеріңіз жемісті болсын!, - деді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы