Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен бейнебайланыс режимінде кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында транзиттік тасымал, экономиканы декарбонизациялау, қаржы секторы салаларындағы бірқатар инвестициялық жобаны Қазақстанда жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт  Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың оң қарқынына  көңілі толатынын атап өтті.

Өзара ықпалдастық аясында зор нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы тиімді ынтымақтастық одан әрі нығая беретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Одиль Рено-Бассо Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформаларды, 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауда айтылған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы Қазақстанның көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізу жөнінде мәлімдеген мақсаттары аясындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін нақтылады.

Әңгіме соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Одиль Рено-Бассоны Қазақстанға кезекті рет сапармен келуге шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы