Бүгiн 2026, 14:09 Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз ешқандай кедергі мен қиындыққа қарамай, елімізді өркениет жолына шығаруымыз керек"

Сондай-ақ Президент Ата заңды ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып қабылдағанымызды мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде Қазақстан үшін үлкен жолдың басталғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Түбегейлі жаңғырған Ата заңымыздың преамбуласында айтылғандай, біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана. Біз ешқандай кедергі мен қиындыққа қарамай, елімізді өркениет жолына шығаруымыз керек. Халқымыздың тарихи тағдыры – өзіміздің қолымызда. Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Шындықты айтсақ, Қазақстанның дамуы мен өрлеуі бізден басқа ешкімге керек жоқ. Сондықтан қазіргі ұрпақ Отанымыздың баянды болашағы үшін барлық жағдайды жасауы керек, - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол алға қарай зор үмітпен қарау қажеттігін мәлімдеді.

Қазақ халқының өткен тарихын қасіретке толы күрделі тарих деп күмәнсіз айтуға болады, оның бәрін жақсы білесіздер. Бірақ қазіргі заманда бұл тақырыпты қайта-қайта айтып, қара бұлтты төндірудің, мұңға батудың қажеті жоқ. Халқымыз тек қана алға қарай зор үмітпен қарап, ілгерілеу заманына сай өз болмысын өзгертіп, бейімдеп өмір сүруі керек. Мұңды халық ешқашан бақытты, табысты болмайды. Бұл да – өмір заңы және ақиқат. Жастардың болмысын жоғары технологияларға, техникаға бұру керек. Себебі қазіргі замандағы мемлекет дамуының кілті – техника мен озық технологияда, соның ішінде ең алдымен жасанды интеллектіде. Бәріміз бір ұлт болып, бір ел болып осы ұлы тарихи жорықта міндетті түрде жеңіске жетуіміз қажет. Бұл – біздің ең басты міндетіміз, миссиямыз, - деп атап өтті Президент.