Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар Қазақстанның БҰҰ-мен жан-жақты ынтымақтастығының басым бағыттарын, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылады.
БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, екіжақты серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан мен БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және адам құқығының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастыра береді. Қазақстан – біз үшін мультилатерализмнің тірегі, жаһандық деңгейдегі бейбітшілік қорғаны ретінде басымдыққа ие серіктес ел, – деді Антониу Гутерриш.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі қызметіне жоғары баға беріп, оның бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттерін одан әрі қолдауға дайын екенін растады.
Қазақстан Президенті қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде БҰҰ айрықша рөл атқаратынын және оның ешқандай баламасы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ой-пікірін жеткізді.