Қаскелеңдегі үшемнің өлімінен кейін министрлік перинаталдық орталықтарда тексеріс жүргізеді
Тексеру жұмыстары 15 тамызға дейін жүргізіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі барлық перинаталдық орталықтарда ауқымды тексеру жүргізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау министрі 15 тамызға дейін еліміздегі босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымда ауқымды тексеру жүргізуді тапсырды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалап, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады.
Тиісті тапсырмалар Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық ұйымдардағы инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіруге арналған аппараттық кеңес барысында берілді.
Тексерулердің мақсаты – санкциялар санын арттыру емес, тәуекелдердің алдын алу және оларды жою, сондай-ақ босандыру қызметін көрсететін ұйымдардағы медициналық көмектің сапасын арттыру.
Инфекциялық бақылау жүйесінің басты міндеті – салдармен күресу емес, тәуекелдердің алдын алу. Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Кеңес қорытындысы бойынша министр инфекция жағдайларын тергеп-тексеру тәсілдерін қайта қарауды, профилактикаға басымдық бере отырып санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылаудың тексеру парақтарын жаңартуды, сондай-ақ инфекцияның әрбір жағдайының туындау себептеріне объективті баға беруді тапсырды. Бұл еліміздегі инфекциялық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Еске салайық, 21 шілдеде Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында үшем шетінеп кеткенін хабарлаған едік. Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.