Қаскелеңдегі ауруханада үшем шетінеп кетті
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелердің барлығының салмағы өте аз болған.
Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласындағы ауруханада үшемнің шетінеуіне қатысты Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство мәліметінше, жүкті әйел Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тұрады және жүктілік бойынша сол жерде есепте тұрған. Осы жүктілік кезінде ол бірнеше рет тұрғылықты жері бойынша жүктілікті сақтап қалуға бағытталған ем қабылдаған.
2026 жылғы 18 шілде күні сағат 03:00-де әйел жедел жәрдем көлігімен Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасына жеткізілген. Ол қағанақ суының екі сағат бұрын кеткеніне және толғақтың тұрақты басталғанына шағымданған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, үшемге жүкті болуы, толғақтың тұрақты жүруі және қағанақ суының кетуі салдарынан науқасты басқа медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін болмаған. Өйткені мұндай жағдайда әйел мен нәрестелердің өміріне қауіп төндіретін асқынулардың, атап айтқанда, жедел босану, плацентаның мерзімінен бұрын ажырауы, кіндік бауының түсіп кетуі және инфекция жұқтыру қаупі жоғары болған.
Сондай-ақ ведомство жүктіліктің 25 аптасында үшемді дүниеге әкелу аса ауыр жағдай екенін және шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды қажет ететінін атап өтті. Осыған байланысты әйел стационарға қабылданған.
Сағат 07:00-де үш сәби дүниеге келген. Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелердің барлығының салмағы өте аз болған.
Туған кездегі салмағы 500 грамға дейінгі нәрестелер экстремалды төмен салмақпен туған болып есептеледі. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді, – делінген басқарманың редакцияға берген хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр.