24 Қараша 2026, 11:05 Фото: видео кадры

Қаскелеңде науқастар 40 минут бойы рентгенге түсе алмай, далада күткен

Алматы облысына қарасты Қаскелең қаласында 40-қа жуық адам рентген кабинетінің алдында кезек күтіп, медициналық тексеруден өте алмай қалған. Олардың арасында сүйегі сынған және түрлі жарақат алған науқастар да болған. Әлеуметтік желіде тараған жазбаға байланысты Қарасай аудандық орталық ауруханасы жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, науқастар рентген кабинетінің алдында ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болған. Жазба авторының айтуынша, адамдар кабинет қызметкерлерінен қабылдаудың не себепті басталмағанын және есіктің қашан ашылатынын сұраған. Алайда медицина қызметкерлері «біз де күтіп отырмыз» деп жауап берген.

Сондай-ақ жазбада сол уақытта медбикелердің аула сыпырып жүргені айтылған. Ал науқастар қызметкерлерден жағдайға қатысты нақты түсініктеме ала алмағанына наразылық білдірген.

Осы жағдайға байланысты Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының әкімшілігі ресми түсініктеме берді.

Медициналық мекеменің хабарлауынша, рентген кабинеті бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес үздіксіз жұмыс істейді. Алайда дүйсенбі күні әдеттегіден көп науқас келген. Бұған қоса, электр энергиясының өшуіне байланысты тексеру жұмыстары 40 минутқа тоқтатылған. Соның салдарынан кабинет алдында уақытша кезек пайда болған.

Аурухана өкілдері рентгендік тексерудің ұзақтығы оның түріне және түсірілуі қажет суреттер санына байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар мамандар радиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс екенін түсіндірді.

Электр энергиясы қалпына келгеннен кейін рентген кабинеті жұмысын қайта жалғастырды. Кезекте тұрған барлық науқас жоспарланған тексеруден өтті. Қазіргі уақытта кабинет алдында кезек жоқ, қабылдау штаттық режимде жүргізіліп жатыр, – делінген аурухана хабарламасында.

Аурухана әкімшілігі тексеру кезінде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген радиациялық қауіпсіздік талаптары сақталатынын да еске салды.