Қасіретті қаңтар. 747 қару мен 18 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты. 

Ішкі істер министрлігінде тергеушілердің іс жүргізуінде 2 285 іс бар. Оның негізгі бөлігін ұрлық пен тонау құрайды. Бұл жалпы тіркелген істердің 73 пайызын құрайды. Осы істерді тергеуде тонау мен қару ұрлауға қатысқан адамдарды анықтау жалғасып жатыр. 3 аптада Алматы мен Алматы, Жамбыл облыстарында ұрланған қарудың басым бөлігі тәркіленді, - деді ол. 

Әділов атағандай, қазіргі таңда 747 қару мен 18 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген. 

Мәселен, 5 қаңтарда Алматыда қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған Жамбыл облысының 33 жастағы тұрғыны 30 қаңтарда ұсталды. Атап айтқанда, ол дүкен есігіндегі темір торларды сындыру үшін кабель байланған «ВАЗ-2114» автокөлігін басқарған. Нәтижесінде күдікті екі тегіс ұңғылы және екі ойық ұңғылы мылтықты иемденген, - деді ол. 

Әділов атағандай, Алматыда осы қаланың тағы 4 тұрғыны ұсталды, олардан қару-жарақ дүкенінен ұрланған  10 мылтық пен оларға тиесілі оқ-дәрі тәркіленді. 

Сонымен қатар олардан күш құрылымдарының қызметкерлерінен ұрланған оқ өткізбейтін кеудешелер, қалқандар мен дулығалар тәркіленді. Соттың санкциясымен осы фактілер бойынша ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қарулар жасырылған орындарды табуға бағытталған жедел іс шаралар жалғасып жатыр. Сонымен бірге басқа да тонауға қатысқан адамдар анықталып, жауапкершілікке тартылуда, - деді Санжар Әділов. 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы