"Қасиетті жерлерге тағзым". Ұлытау өңірінде салт аттылар сапары өтті

Шежірелі мекеннің бірі – Ұлытау өңіріндегі AT-TRAVEL.KZ салт аттылар клубының мүшелері 2022 жылдың 9-10 қараша күндері "Жошыхан-Алашахан-Ерден-Көкбөрі" кесенелері орналасқан қасиетті жерлерге салт атты сапар ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапарды ұйымдастырушы Заманбеков Амантай, Әлкей Қуаныш, Әбенов Медет, Колов Марғұлан атты ұлтжанды азаматтар.

Мұндағы мақсат: Ұлт мекені Ұлытауда орналасқан қасиетті жерлерді ұлықтау, атқа міну дәстүрін насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, қасиетті жерге тағзым ету;


                *
Кесене, ескерткіштер жайлы қысқаша ақпарат

Алаша хан қазақ хандар әулетінің түпкі атасы деген жорамал баршылық. Алаша хан ел жадында жауынгер тайпалар — көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш алаш (қазақ) мемлекетін құрған ұлы қайраткер, әрі батыр, әрі би, әрі ұлыс билеушісі. Кейбір деректерде: «Қазақ халқының үш жүзге бөлінуі Алаша хан заманынан бастау алады» – делінген. Алаша хан мазары – Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында, Сарыкеңгір өзеніне құятын саласында, биік жотаның үстінде орналасқан.Жалпы аумағы шамамен 10-12 м2, ал биіктігі – 10 метр. Күйген кірпіштен тұрғызылған ескерткіштің төбесіне 2,5 метр болатындай күмбезді мойындық салынып,  сол арқылы күмбез шығарылған. 

Тағы бір сәулеті келіскен ескерткіштің бірі – Жошы хан кесенесі. Сол заманның барлық алапат-айбарын бойына жинақтағандай айна-қатесіз өмір шындығын сақтап тұрған ескерткіш. Жошы хан (1187- 1227) – әскери қолбасшы, Алтын Орданың негізін салушы, даңқты мемлекет қайраткері. Күмбезде сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошыға бағынған тайпалардың бәрі (оғыз, арғын, қыпшақ, керей, найман, қоңырат, қаңлы, т.б.) қатысқан. Жобасы тік бұрышты. Құрылыс материалдары – күйдірілген кірпіш, ғаныш, әкімшілік Жобаның аумағы 9,55х7,25 м. Көзге айрықша түсетін нәрсе – салтанатты порталы. Оның маңдай алдын сүйір арка түрінде шығарып, екі жақ босағасын үстіңгі салмақты еркін көтеріп тұру үшін мейлінше берік етіп тұрғызған.Жақтауларын өрнекті кірпішпен безендіріп, киіз үйдің басқұрына ұқсатқан. Өрнекке пайдаланған тақта кірпіштердің ауданы 45х45 см. Бұл кірпіштерде өрнекпен бірге жазу да болған.

Ел қорғаған батыр, аға сұлтан, дуанбасы, болыс болған, Сандыбай батырдың баласы, Төлек батырдың ұрпағы Ерден Сандыбайұлы 1808-1862 жылдар аралығында ғұмыр кешкен, Ұлытау өңіріндегі Бағаналы-Найманнан шыққан қазақ батыры, биі. Ол 35 жасында аға сұлтан болған.

"Ұлытау Көкбөрісі" атауы телінген еңселі ескерткіштің биіктігі – 9,70 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі – 6 метр, ал тұғыры - 3,70 метр.
Көкбөрі мүсінінің жеке салмағы 2 тонна болса, тұғырымен қоса есептегендегі салмағы – 5 тонна шамасында. Ішкі құрылымы темірден әзірленіп, жалпы бітімі 60 градус аяз бен ыстыққа дес бермейтін пластик материалдан құйылып жасалған.

Домбауыл кесенесі – ортағасырлық сәулет-өнері ескерткіші. Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде, Қаракеңгір өзенінің сол жағасында орналасқан.
Астыңғы қабаты шаршы пішіндес, үстіне киіз үй тәріздес күмбез салынған. Астыңғы бөлігінің аумағы 8,9×7,9 м, қабырғасының қалыңдығы 2 м-дей, ішінің аумағы 4x4 м, есігі сопақшалау етіліп оңтүстік-шығыс жақтан шығарылған. Бұған жалпы биіктігі 1,2 м болатын төрт баспалдақ арқылы кірелі. Кешеннің еденіне тас аралас тапырық жайып, оның үстіне жалпақ тақта тастар төселген. Қабырғалары З м-ге көтеріліп барып, көлденең бөренелермен жабылған. Бұлардың барлығы тас қалаудың қола дәуірінен бергі ежелгі дәстүрінен алынған. Осы дәстүрді кешеннің төбесін жабу кезінде де қолданған. Кешен ұзақ уақыт жақсы сақталып, бертін келе біршама қираған. Ескерткіштің дәл мерзімін анықтайтын дерек әзірге жоқ. Қазақстан жеріне тән сыртқы тұрқына қарап, ғалымдар оны ислам діні дендеп ене қоймаған кезеңге жатқызады (8-9 ғ-лар). Т.К. Басенов пікірі бойынша Домбауыл дыңы XVI-XVIII ғасырда салынған.
Қазақ арасында мұндай киіз үйге ұқсата созып барып қүмбезделген тас қесенелерді «үйтас», «дың» деп те атаған, бұлар әр аймақтарда белгілі және көбірек тараған жері Орталық Қазақстан, әсіресе, Торғай өз-нің бойы. Қара Жыланды өзенінің бойындағы Қара-дың ескерткіші Домбауыл кешеніне өте ұқсас.

Домбауыл кесенесі ғалымдардың пікірінше Орталық Қазақстандағы ең көне құрылыстардың бірі болғанымен есте қалады. Домбауыл ғұндар билеген кезде салынған болып есептеледі. Аңыз бойынша бұл кесене ұлы сазгер және жауынгер Домбауыл құрметіне салынған екен, ал өзінің болғаны тарих пен мифпен (ертегі-аңызбен) ұштасады. Кесене ғимараты биіктігі бес метрден асатын конус тәрізді (шошақ пішінді) төртбұрышты негізге қойылған, тас плиталарынан құрылған.

Ұлытау қашаннан қазақтың қара қазанын қайнатқан бірлік пен ырыстың құт-мекені болған жер. Үлкен сауда арнасымен жалғасқан «Сарысу жолы немесе Мыс жолы» деп аталған Ұлы Жібек жолының бір тармағы Ұлытау арқылы өткен. Тағы бір айғақ, Әлкей Марғұланның айтуынша, Ұлытау ірі металлургия ошағы болған. Бұған Талдысай қонысындағы мыс қорытқан пештердің орыны дәлел. Кейінгі археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде де мыс балқытқан орындар анықталып отыр. Мұның барлығы ертеректе Талдысай қонысында ел мекендегенін айғақтайды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы