Қашықтан жұмыс, 3 минут сайын метро: Алматыда кептелісті азайту үшін қандай шаралар қабылданбақ?
Оқушыларды тасымалдау үшін 60 мектепке қызмет көрсететін 300 мектеп автобусы жұмылдырылады. Олар 13 мыңнан астам баланы қамтиды.
Жаңа оқу жылының басталуына байланысты Алматыда қыркүйектің алғашқы күндері көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме айтарлықтай артады. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл кезеңде көшелерде жеке көліктер мен жаяу жүргіншілер саны көбейеді. Осыған байланысты оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік кептелісін азайту және тұрғындардың жайлы қозғалысын ұйымдастыру үшін бірқатар шара қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
13 мыңнан астам оқушы мектеп автобустарымен тасымалданады
Оқушыларды тасымалдау үшін 60 мектепке қызмет көрсететін 300 мектеп автобусы жұмылдырылады. Олар 13 мыңнан астам баланы қамтиды.
Білім беру ұйымдарының маңында жол қозғалысын реттеу күшейтіледі. 1 қыркүйек күні таңертең мектептердің жанында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және көлік ағыны көп учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік етеді.
Әкімдік ата-аналардан мектептердің кіреберісіне дейін жеке көлікпен бармауды және мүмкіндігінше балама қатынас түрлерін пайдалануды сұрады.
Қоғамдық көлік пен метро
Оқу жылының алғашқы екі аптасында қоғамдық көлік жұмысы күшейтіледі. Қазір қалада қатынап жүрген 3 200 автобусқа қосымша резервтен шамамен 500 автобус шығарылады. Бұл ең көп жүктеме түсетін бағыттардағы автобустар санын арттырып, қарбалас уақыттағы аралықты қысқартуға мүмкіндік береді.
Метро жұмысы да күшейтіледі. Қазіргі 11 құрамның орнына 13 пойыз қатынайды. Соның арқасында таңғы уақытта пойыздардың жүру аралығы 3 минутқа дейін қысқарады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында әкімшілік полициямен бірлесіп, білім беру ұйымдары маңындағы жол инфрақұрылымына тексеру жүргізілген. Тексеру барысында бағдаршамдардың, жол белгілерінің және жол таңбаларының жағдайына ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 140-тан астам кемшілік жойылып, барлық білім беру ұйымдарының жанында қажетті жұмыстар аяқталған.
Сонымен қатар мектеп аумақтары тәулік бойы бейнебақылау жүйесімен қамтылған.
Қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіледі. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктерінің таңғы сағат 07:00-ден кешкі 22:00-ге дейін арнайы белгіленген учаскелерде жүруіне тыйым салынған. Бұл шектеу қала тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тасымалдарға қолданылмайды.
Кейбір қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуі мүмкін
Әкімдік қала орталығында орналасқан ірі компанияларға, банктерге және басқа ұйымдарға қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлердің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс форматына көшіруді немесе жұмыс уақытын икемді ұйымдастыруды ұсынды.
Сондай-ақ әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері мен оған қарасты ұйымдар 2026 жылғы 1-5 қыркүйек аралығында қызметкерлердің бір бөлігін қашықтан жұмысқа ауыстыру шараларын қабылдап жатыр. Қызметкерлерге қоғамдық көлік пен метрополитенді пайдалану ұсынылған.
Әкімдік алматылықтарды бағыттарын алдын ала жоспарлауға, таңғы уақытта жеке көлікпен қажетсіз сапарлардан бас тартуға және қоғамдық көлік пен метрополитенді көбірек пайдалануға шақырды.