Қашықтан оқыту. Қиындығы мен артықшылығы қандай?
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының жарлығымен 16 наурыздан елімізде төтенше жағдай жарияланды. Карантин режимі барлық қазақстандықтың өмір сүру дағдысын өзгертіп, білім беру саласын да айналып өтпеді. Коронавирус індетінің кең таралуының алдын алу мақсатында еліміздегі барлық білім беру ұйымы қашықтықтан оқытуға көшірілді.
Қарағандының жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері карантинге байланысты онлайн оқуға мәжбүр. Студенттердің онлайн оқығанына 1 айдан асты. Сонымен, төтенше жағдай режимінде студенттердің қашықтықтан білім алуы қалай жүргізілуде? Онлайн оқу барысында студенттер қандай қиындықтарға кезікті? Қашықтықтан оқу білім сапасына қалай әсер етті? Ұстаздар мен шәкірттердің онлайн оқу жайлы пікірі қандай? Сандық технологияның сапасы, мұғалімдердің шыдамдылығы, шәкірттердің жауапкершілігі сыналатын уақыт қалай өтіп жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеген едік.
Қарағандының ең ірі университеттерінің бірі саналатын Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқитын он үш мыңға тарта cтудент, магистрант пен докторантты онлайн оқытуға көшіру қиындық тудырмаған. Оқу орнында дистанционды оқыту тәжірибесі 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес 16 наурыздан бастап ҚарМУ-дің студенттері, магистранттары мен докторанттары қашықтан оқытуға ауыстырылды. Университет оқу үдерісін ұйымдастырудың осындай түріне дайын болды. ҚарМУ-де 2010 жылдан бастап қашықтықтан оқыту түрінде білім беру жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда осы тәжірибе университеттің барлық білім алушысы үшін орындалып отыр. Қашықтықтан білім беру жүйесі ұйымдастырылатын университеттің жеке бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама оқу үдерісін ұйымдастыру үшін, аралық және қорытынды бақылау үшін бірыңғай жүйе болып табылады. Бағдарламаның көмегімен білім алушылардың сабаққа, вебинарға қатысуы, сұрақ-жауап жүйесі, орындалған тапсырманы оқытушыға жіберу мүмкіндігі, академиялық жетістіктері қадағаланады. Университеттің idl.ksu.kz білім беру сайтында білім алушылар мен оқытушыларға барлық мүмкіндік берілген. ҚарМУ-де білім алатын 12800-ден астам студент, магистрант пен докторант және дайындық бөлімінің тыңдаушылары бүгінде қашықтықтан оқыту технологиясын пайдаланып, білім алуда. Оның 1900-ден астамы өндірістік, диплом алды және педагогикалық тәжірибеден онлайн түрде өтуде. ҚарМУ-дың профессорлық-оқытушылар құрамы білім беру бағдарламалары бойынша пәндердің оқу-әдістемелік материалдарын толығымен жүктей алады. Сәйкесінше білім алушылар оқу кестесі бойынша оқытушымен онлайн байланысқа шығуына жағдай жасалған. Білім алушылар пәнге қатысты барлық тапсырманы "Форум" сілтемесі арқылы орындай алады, - дейді ҚарМУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков.
Оның айтуынша, оқытушылар мен студенттерге көмек ретінде мемлекеттік және орыс тілдерінде оқытатын бейнероликтер жасалған. Онда онлайн және оффлайн режимде дәрістерді, тәжірибелік және зертханалық сабақтарды қашықтықтан өткізу бойынша толық нұсқаулық берілген.
Университеттің 850-ден астам профессорлық-оқытушылар құрамы дәрістер мен практикалық сабақтарды қашықтықтан жүргізуде. Күн сайын оқу кестесіне сәйкес 1000-нан астам дәріс, 900-ден астам практикалық сабақ, 800-ден астам студенттің өздік жұмысы онлайн түрінде ұйымдастырылуда. Университеттің басшылығы жатақханаларда тұратын студенттерге, соның ішінде 60-тан аса шетелдік студент пен жетім балаға ерекше көңіл бөлуде. Жатақханадағы білім алушылардың барлығы қажетті деңгейде компьютерлермен және ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Жатақханаларда wi-fi жұмыс істейді және білім алушыларға қашықтықтан оқу үшін барлық жағдай жасалған, - дейді Бекболат Нүсіпбеков.
Оқу орнының тағы бір жаңалығы – ҰБТ тапсырушыларға арнап онлайн курстарды іске қосқан. Енді мектеп түлектері ұлттық біріңғай тестілеуге онлайн түрде тегін дайындала алады. Ол үшін www.ksu.kz сайтындағы "Талапкер2020" бөліміне кіріп, өтініш беру керек.
Қарағанды медицина университетінде 6325 студент білім алады. Оларғы 605 оқытушы сабақ береді. Студенттер "Platonus", "Zoom" платформалары арқылы білім алуда. Аталған университеттің "Медициналық психология және коммуникативтік дағдылары" кафедрасының ассистент-професоры Гүлбахрам Жақышева білім беру саласында 2010 жылдан бері еңбек етеді. Аймақтағы ғана емес еліміздегі білікті дәрігерлерді дайындайтын медицина университетінде лекция оқитын оқытушы биыл бірінші рет қашықтан дәріс беріп жүр.
Мен "Жалпы медицина", "Қоғамдық денсаулық сақтау", "Фармация" мамандықтарында оқитын студенттерге коммуникативтік дағдылар, психология пәндерінен сабақ беремін. Онлайн сабақ таңғы 8.30-да басталады. Сабақ кестесіне сай күніне 2 немесе 3 сабақ болады. Университетінің оқытушылары "Platonus" платформасына тапсырмаларды енгізген болатынбыз. Студенттер осы платформадағы тапсырмаларды орындайды және оларды бағалау да осы жерде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, "Zoom" платформасының, "Whatsapp". "Mail.ru" әлеуметтік желілерінің көмегімен сабақ береміз, - дейді Гүлбахрам Серікқызы.
Оқытушының пікірінше қашықтықтан оқытудың артықшылығымен қатар кемшін тұстар да жеткілікті.
Алдымен қашықтықтан оқытудың қиындығына тоқталсам. Оқытушы мен студент арасында бетпе-бет қарым-қатынас болу керек деп ойлаймын. Бұл дәріс барысында оқытушының өз ойын дұрыс жеткізу үшін қажет. Онлайн оқуда студенттердің лекцияны түсінген, түсінбегендігін немесе сұрақ қойғысы келетіндігін ұғу да қиындық туғызады. Сонымен қатар, көптеген студент ауылдық жерлерден болғандықтан, олардың онлайн сабақтарға шығуға мүмкіндігі болмайды. Олар ұялы байланыс іздеп тау-тасты кезуге немесе интернет ұстайтын жерлерге қатынасып оқуға мәжбүр. Бұл онлайн оқудың басты қиындығы болып отыр. Техиникалық олқылықтардың салдарынан, интернеттің дұрыс жұмыс жасамауы кесірінен лекция барысында дауыс естілмей қалуы сияқты жағдайлар көптеп кездеседі. Ал, жағымды жағына келетін болса, бұрын университет пен үйдің, лекция мен семинардың арасында жүгіріп жүретін едік, уақыт жетпейтін. Қазір үйде отырғандықтан ғылыммен айналысуға, білімді арттыруға мүмкіндік туды. Отбасымызбен бірге өткізетін күндеріміз көбейді деп ойлаймын, - дейді Гүлбахрам Жақышева.
Студенттер болса қашықтықтың білім алудың оң тұстарын тізбелеп, карантинді барынша тиімді пайдаланып жатқандықтарын айтады.
Қашықтан оқытудың артықшылықтары жеткілікті деп ойлаймын. Себебі, қазір біздің бос уақытымыз көп. Бұрын университет қабырғасында таңғы 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жүргенімізде көп нәрселерге уақытымыз жетпейтін еді. Ал енді карантин кезінде отбасымызға көңіл бөліп, бұрын мұршамыз жетпей жүрген істермен айналысудамыз. Осы уақытқа дейін ағылшыл тілі курсына уақыт бөле алмай жүрген студенттер қашықтықтан оқыту барысында өз білімдерін шыңдауға, онлайн оқуға мүмкіндік алуда. Көптеген студент ғылыми жобалар дайындап, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Ал енді кемшін тұстарына келетін болсақ, меніңше онлайн дәрістегі басты кемшіліктер – техникалық ақаулар, интернет жылдамдығының аз болуы. Жалпы менің ойымша, оқытушымен бір дәрісханада отырып, сабақты бетпе-бет талқылағанға не жетсін?! Сонымен қатар, кітаптардың жетіспеушілігі де қиындық тудыруда. Біз кітаптарды университеттен ауылға алып келе алмаймыз. Ал медицина саласында электронды оқулықтар өте аз, - дейді Қарағанды медицина универститетінің 2-курс студенті Айдана Назарқұл.
Дистанционды оқытудың білім сапасына кері әсер етеді деген пікірді ұстанатын студенттер де бар. Онлайн оқуға тәуелді болған Қарағандының медицина университетінің студенті Ернұр Асқардың пікірінше, қашықтықтан оқыту медицина саласында білім алатын студенттер үшін тиімсіз.
Дистанционды оқытуға байланысты пікірімді білдіретін болсам, біз медицина саласында білім алатын болғандықтан, қашықтықтан оқыту біздер үшін тиімсіз деп ойлаймын. Себебі, біз дәрістерде, семинарларда оқыған оқуды мұғалімдермен талқылаймыз, сол арқылы тәжірибе жинаймыз. Ал қашықтықтан оқыту барысында талқылау қиындық туғызады. Және де көптеген материалдың жетіспеушілігі байқалуда, - дейді болашақ дәрігер Ернұр Асқар.
Қарағандылық студенттердің көпшілігі төтенше жағдай жарияланысымен үйлеріне, туған жерлеріне, ата-аналарының жанына жетуге асыққан. Бүгінде ауыл-аймақтарда онлайн оқып жүрген студенттер интернет пен мобильді байланыстың нашарлығынан зардап шегіп жүр. Сәуір айының басында "Қазақтелеком" және "Транстелеком" төтенше жағдай кезінде интернет жылдамдығы арттырылатындығын хабарлаған болатын. Алайда, ауылдағы интернеттің сапасы сын көтермейді.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 2-курсында оқимын. Университет қашықтықтан оқытуға көшкендіктен ауылға келдім. Қаражал қаласының іргесіндегі Ақтай ауылы қаладан бар-жоғы 20 шақырым қашықтықта орналасса да, мұнда интернет жылдамдығы өте төмен. Үйдегі "Қазақтелеком" интернетінің сапасы тіпті нашар деуге болады. Ауыл мектебіндегі интернетте видео түгілі фотоны аша алмайсыз. Ал мұнда ұялы байланыс мүлде жоқ. Кейде желіге сағаттап шыға алмайтын күндерім болады. Сабақты өткізіп алмас үшін тауға шығып, интернет желімі жақсы ұстайтын жерді іздеуге мәжбүрмін немесе 20 шақырым жердегі Қаражал қаласына барып оқимын. Дегенменде, мұғалімдеріміз жағдайымызға түсіністікпен қарауда, - дейді Арнұр Жанжолұлы.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысындағы 417 ауылдың 244-і кеңжолақты интернетке және мобильді желіге қосылған. Сонда қалған 173 ауылдағы студент интернеттің игілігін көре алмай, онлайн оқуды дұрыстап оқи алмай жүр деген сөз. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, интернеті мүлде жоқ ауыл-аймақтардағы 1073 студентке тапсырмалар мен дәрістер Қазпошта желісі арқылы жеткізіліп, кері байланыс та сол жолмен қабылданып жатыр.